Жұмыс берушілердің 66%-ы менталдық ерекшелігі бар кандидаттарды жұмысқа қабылдамайды
Тек 5% жұмыс беруші мұндай қызметкерлермен жұмыс істеу үдерістерін жолға қойған.
Қазақстанда алғаш рет корпоративтік ортадағы менталдық бұзылыстарға қатысты стигматизация деңгейі зерттелді. «Гедеон Рихтер Қазақстан» компаниясы мен hh.kz платформасының бірлескен зерттеуі бизнес қауымдастығының инклюзияға дайындығы мен заманауи медицинаның мүмкіндіктері арасында үлкен алшақтық бар екенін көрсетті.
Қазақстандағы 266 жұмыс беруші мен 541 жұмыс іздеуші қатысқан сауалнама нәтижесіне сәйкес, жұмыс берушілердің 66%-ы менталдық ауруы бар екенін ашық айтқан білікті кандидаттан бас тартуға дайын. Бұл тіпті адамның жағдайы тұрақты ремиссия кезеңінде болса да орын алады. Сонымен қатар қазақстандық компаниялардың 80%-ы ем қабылдап, ресоциализациядан өткен кандидаттарды қарастыруға дайын емес. Тек 5% жұмыс беруші мұндай қызметкерлермен жұмыс істеу үдерістерін жолға қойған.
Салыстырмалы түрде алғанда, Өзбекстан мен Қырғызстанда мұндай кандидаттарды қарастыруға компаниялардың 76%-ы дайын болса, тек 24%-ы ғана бас тартатынын айтқан.
Сонымен қатар Қазақстандағы жұмыс іздеушілердің 75%-ы жұмысқа байланысты мазасыздық немесе эмоционалдық күйіп кету жағдайын бастан өткеретінін жеткізген. Алайда олардың 49%-ы өзінің психоэмоционалдық жағдайы туралы басшылықпен сөйлесуге мүлде дайын емес. Ал компаниялардың 35%-ы менталдық ерекшелігі бар адамдарды жұмысқа алудағы негізгі кедергі ретінде беделіне нұқсан келуі мүмкін деген қорқынышты атаған.
Бизнес тарапынан болатын мұндай бас тартулар көбіне шизофрения немесе биполярлық бұзылыс секілді менталдық ерекшелігі бар қызметкерлер жұмыс міндеттерін орындай алмайды деген қате түсінікке негізделген. Алайда сарапшылар заманауи терапия адамдарға ұзақ жылдар бойы тұрақты ремиссияда болып, толыққанды еңбек етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Қазақстанда пациенттердің терапияға қолжетімділігін кеңейтудегі маңызды қадамдардың бірі – жаңа препараттарды тегін амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету (АДҚ) тізіміне енгізу болмақ. Аталған тізімге Gedeon Richter компаниясы әзірлеген үшінші буындағы инновациялық антипсихотикалық препарат енгізілді.
Препарат ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан мақұлданып, емдеудің клиникалық хаттамаларына кірген. Алдыңғы буындағы антипсихотиктермен салыстырғанда, оның көтерімділік профилі анағұрлым қолайлы.
Сонымен қатар, бұл препаратты Қазақстанда өндіру жоспарланып отыр. Препаратты АДҚ жүйесіне енгізу туралы бұйрыққа 25 мамыр күні қол қойылып, ол 10 күннен кейін күшіне енеді.
Препаратты АЛО жүйесіне енгізу туралы бұйрыққа 25 мамыр күні қол қойылды. Құжат қол қойылған сәттен бастап 10 күн ішінде күшіне енеді.
Үшінші буындағы антипсихотикалық препараттарға тегін қолжетімділік – отандық медицина үшін үлкен серпіліс. Инновациялық дәрілер адамға зейін қою қабілетін, мотивациясын және өмірге деген қызығушылығын қайтарады. Экономика үшін де мультипликативтік әсері орасан зор. Бұрын үйде оқшауланып, мүгедектік жәрдемақысын алып отырған адамдар қайтадан еңбекке араласып, өзін-өзі қамтамасыз етіп, салық төлей алады, – деді «Гедеон Рихтер Қазақстан» компаниясының бас директоры Павел Хегай.
Зерттеу нәтижесі Алматыда Дүниежүзілік шизофрения туралы ақпараттандыру күніне орай ұйымдастырылған ашық форум аясында таныстырылды. Зерттеу нәтижелері сілтеме арқылы қолжетімді.