Жұмыс берушілер өз бетінше еңбек заңнамасының талаптарына сәйкестігін онлайн тексеруден өте алады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-мен бірлесіп, пилоттық режимде «Онлайн еңбек консультанты» сервисін әзірледі және іске қосты, ол жұмыс берушілерге өз қызметін еңбек заңнамасының, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына сәйкестігі тұрғысынан тексеруге мүмкіндік береді.
Сервис жұмыс берушілерге еңбек саласындағы құжаттаманы дайындау және жүргізу процесін жеңілдетуге және еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету бойынша цифрлық құралдарды енгізу есебінен елдің кәсіпорындарында еңбек жағдайларын жақсартуға жәрдемдесуге арналған. ОЕК-ны пайдалана отырып, жұмыс берушілер еңбек заңнамасының қыр-сырын түсіне алады, сондай-ақ іс-әрекеттерінің заңнама нормаларына сәйкестігін анықтай алады және мемлекеттік еңбек инспекциясы қоятын талаптар бойынша жедел түсініктемелер ала алады.
Осы сервис аясында тексеру жүргізу жасырын болып табылады және жұмыс берушілерден алдын ала тіркеуді талап етпейді, тек еңбек жағдайлары, қызметкерлер құрамы және т. б. бойынша жалпы сауалнаманы толтыру қажет. Тексеру нәтижелері бойынша, сервис ҚР Еңбек кодексінің талаптарын бұзушылықтарды көрсетумен қатар, оларды жою бойынша ұсынымдар шығарады.
Осылайша, жұмыс беруші өз мәселелерін ОЕК көмегімен алдын ала пысықтап, барлық ұсыныстарды ұстана отырып және орын алған бұзушылықтарды жоя отырып, нақты тексеру жағдайында ұйғарымдар мен әкімшілік айыппұлдардан құтыла алады.
Қазіргі уақытта сервисте өзін-өзі тексеруге арналған бірнеше түрлі тақырыптар бар: жұмысқа қабылдау мен еңбек тәртібінен бастап еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына және қызметкерлердің жекелеген санаттары үшін еңбек ерекшеліктеріне дейін.
Сауалнамалар 12 тақырыптық тексеру парағына орналастырылған және жұмыс берушілерге бұзушылықтардың ауырлығын анықтауға көмектесетін 80-ге жуық сұрақтан тұрады.
Сервис келесі мекенжай бойынша қолжетімді: https://inspector.enbek.kz. https://enbek.kz порталда тиісті баннер орналастырылған.
Сервис алғаш рет іске қосылғандықтан және пилоттық режимде жұмыс істейтіндіктен, оның жұмысын жақсарту бойынша ұсыныстарыңыз бен ескертулеріңізді қуана қабылдаймыз және оларды support-ehr24@enbek.kz адресіне жіберулеріңізге болады.