Жұмыс берушіден 5 млн теңге мөлшерінде моральдық зиян өндірілді
Ақтөбе қаласының №3 сотына қызметкер жұмыс берушісінен 5 млн теңге моральдық зиянды өндіру туралы талап қою арызымен жүгінді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс құжаттарына сәйкес, талап қоюшы 2022 жылдан бері шахтада бекіткіш қызметін атқарған. Өз жұмысын атқарып жатқан кезде, тау массасы кенжардан табиғи бөліну арқылы талап қоюшының үстіне құлап, ол есінен танып қалған.
Жазатайым оқиға салдарынан жұмысшы ауыр жарақат алып, оған ота жасалып, ІІІ топтағы мүгедектік белгіленген. Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға туралы актісіне сәйкес, жұмыс берушінің 80% кінәсі және талап қоюшының 50% еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі анықталды.
Сот жазатайым оқиға нәтижесінде талап қоюшының денсаулығына елеулі зиян келтірілгенін, алған жарақаттың ауырлығын, алдағы уақытта ота жасалуымен жоғалған денсаулықты қалпына келтіру бойынша оңалту курстарын ескеріп, талап қоюшының талабын толық көлемде қанағаттандырды. Жұмыс берушіден талап қоюшының пайдасына 5 млн теңге мөлшерінде моральдық зиян өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енді.