24 Шілде 2026, 18:42 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Жұмыс, баспана және буллинг: Қарағанды облысындағы Respublica кездесулерінде қандай мәселелер көтерілді?

Respublica партиясының өкілдері Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы кәсіпорны ұжымымен және жастарымен кездесті. Талқылаудың басты назарында аграрлық сектордың мәселелері, жұмыспен қамту, баспананың қолжетімділігі, білім беру сапасы және киберқауіпсіздік мәселелері болды.

Жұмыс сапары аясында делегация Бұқар жырау ауданындағы «Баймырза Агро – 2018» ЖШС-не барып, кәсіпорынның жұмысымен танысты және қызметкерлермен ауыл шаруашылығы өндірушілері мен аграрлық сала жұмысшылары кезігетін түйткілдерді талқылады. Әңгімелесу қорытындысы бойынша ұжым өз ұсыныстарын білдірді.

Кәсіпорынға барғаннан кейін партия өкілдері Қарағанды жастарымен Retalks жастар ресурстық орталығында кездесті. Сұхбат сұрақ-жауап форматында өтті.

Кездесуге қатысушылар түлектерді жұмысқа орналастыру, жастарға арналған қолжетімді баспана және ипотекалық бағдарламаларды талқылады. Бұдан бөлек, білім беру сапасы, буллингтің алдын алу, интернет-қауіптерден қорғану және жастар кәсіпкерлігін дамыту мәселелері көтерілді.

«Бiздi жастардың шынайы өмірде қандай қиындықтармен бетпе-бет келетіні қызықтырады – мектептегі буллингтен бастап ипотекалық несиеге дейін», – деп атап өтті Қожаназаров.

Сонымен қатар киберқауіпсіздік және өсіп келе жатқан ұрпақ, орта әрі жоғары оқу орындары мен бизнес арасындағы байланысты нығайту мәселелері де сөз болды.

Өз кезегінде жас қатысушылар өздерінің шығармашылық жобаларын таныстырды. Олар теріден, көмірден, саз балшықтан және қағаздан жасалған қолөнер бұйымдарын көрсетті. Оларды дайындау технологиясы туралы айтып берді. Айдарбек Қожаназаров ұсынылған жұмыстарға жоғары баға беріп, мұндай бастамалардың қолдауға лайық екенін атап өтті.

Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Айдарбек Қожаназаров өңірлік сапарлардың басты мақсаты – тұрғындармен тікелей диалог орнату екенін баса айтты.

Оның айтуынша, кездесулер барысында айтылған барлық ұсыныстар мен сұрақтар жүйеленіп, алдағы жұмыста ескерілетін болады.

Партияда өңірлерге сапарлардың одан әрі жалғасатыны нақтыланды.

Respublica өкілдері Өскемен, Семей, Павлодарда, сондай-ақ елдің батыс, солтүстік және оңтүстік облыстарында кездесулер өткізуді жоспарлап отыр.