Жұмыс бағаланбаса, обал – министр 2 учаскелік инспекторды марапаттады
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында өңірдің жергілікті тәртіп сақшыларымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесу барысында Марат Ахметжанов бірде-бір қылмыс тіркелмеген, тұрғындармен, әкімдікпен қарым-қатынасты жолға қойған Қарағай ауылының учаскелік инспекторы Қанат Жанғарин мен Теңдік ауылының учаскелік инспекторы Жамбыл Қайыровты әріптестеріне үлгі етіп, көпшілік алдында марапаттады.
Халықпен сенімді қарым-қатынас құрған осындай қызметкерлерді марапаттауымыз керек. Өйткені жасалған жұмыс бағаланбаса, обал, - деді министр.
Кездесуге облыс әкімі Құмар Ақсақалов та қатысты. Онда түрлі мәселелер көтеріліп, әрбір аудан мен ауылдағы криминогендік ахуалға көңіл бөлінді.
Айта кету керек, ведомство басшысы жеке құрамға полицияның халыққа жақын болу керектігін еске салып, ішкі тәртіп пен мәдениетті күшейтіп, азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғамның тыныштығы үшін жұмыс істеу қажеттігін айтты.