Жұманғарин Перизат Қайратқа қатысты пікір білдірді
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин “Biz Birgemiz” қайырымдылық қорының жетекшісі Перизат Қайратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналистер "Перизат Қайраттың ұсталғаны туралы хабар қазақ жұртын селт еткізгенін және осы оқиғадан кейін енді ел меценаттарға сенім арта ала ма?" деп сұрады.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин бұл жаңалық жайлы ойламағанын айтты.
Шынымды айтсам, бұл жаңалық туралы терең ойланбадым. Өкінішке қарай мені селт еткізбеді. Өйткені соңғы күндер өте қарбалас болды. Партия платформасында қандай пікірталас жүріп жатқанын білмеймін. Бұл сұрақты партия хатшысына қойғаныңыз жөн, - деді Жұманғарин.
Үкімет мүшесі бұл мәселеге қатысты пікір білдіргісі келмейтінін жеткізді.
Әркім өз жұмысын істеп жатыр. Ал менің бұл тақырыпқа түсініктеме беруге уақытым жоқ, - деп айтты Серік Жұманғарин.
Сонымен қатар Премьер-министрдің орынбасары су тасқыны кезінде Ақтөбе облысында болғанында “Biz birgemiz” қайырымдылық қорынан көмек келгенін қоса кетті.
Еске сала кетейік, еріктілер қозғалысының белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайрат қомақты қаражат жымқырды деген күдікке ілінгені туралы жазғанбыз. Перизат Қайрат 2 айға қамауға алынды. Ол пара үстел теннисі федерациясының президенті қызметінен босатылды.