Мұнай бағасы құлдыраса, қандай шығындар қысқарады? – Министр жауап берді
Серік Жұманғарин OPEC төңірегіндегі жағдай Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкіндігін айтты.
Біріккен Араб Әмірліктерінің OPEC және OPEC+ ұйымдарынан шығуы, сондай-ақ мұнай нарығында баға соғысы басталуы мүмкін деген пікірге байланысты Қазақстан билігі экономикада күрделі дағдарыс болмайды деп есептейді. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкіметте өткен брифингте журналистер министрден Қазақстан үшін қандай қауіп бар екенін сұрады. Серік Жұманғарин халықаралық сарапшылар әзірге нақты қорытынды жасауға асықпай отырғанын жеткізді. Оның сөзінше, әлемдік мұнай нарығында үлкен баға соғысы басталады деуге әлі ерте.
Кейбір сарапшылар мұны OPEC дәуірінің аяқталуы деп бағалап жатыр. Бірақ халықаралық деңгейдегі болжамдар әзірге өте сақ айтылуда. Бұл жағдай расымен баға соғысына алып келе ме, ондай сценарий жүзеге аса ма, оны дәл қазір ешкім нақты айта алмайды, – деді министр.
Ол тіпті БАӘ мұнай өндірісін тәулігіне 5 миллион баррельге дейін арттырған күннің өзінде нарықта ықпал ететін ірі ойыншылар жеткілікті екенін атап өтті.
Сауд Арабиясының өндіріс көлемі әлдеқайда жоғары. Қазіргі АҚШ өндіріп отырған мұнайдан да көп. Бұған қоса, Венесуэла қайтадан нарыққа шығып жатыр. Яғни балама жеткізу көздері бар, – деді вице-премьер.
Министрдің мәлімдеуінше, Қазақстан билігі жағдайға байланысты бірнеше экономикалық сценарий әзірлеп қойған. Министрдің айтуынша, Үкімет жыл сайын әртүрлі нұсқаларды есепке алады – оптимистік те, пессимистік те болжамдар қарастырылады.
Биылғы пессимистік сценарий мұнай бағасы бір баррель үшін 50 доллар болады деген есеппен дайындалды, – деп түсіндірді Серік Жұманғарин.
Оның сөзінше, мұнай нарығындағы жағдай күрт нашарлап кеткен жағдайда қандай бюджеттік шығындарды қысқартуға болатыны алдын ала есептелген. Сонымен бірге Үкімет қазірдің өзінде 2027-2029 жылдарға арналған бюджет жұмысына кірісіп кеткен.
Біз әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеуді бастадық. Мұнай бағасына және басқа да көрсеткіштерге байланысты бірнеше макроэкономикалық сценарий дайындалды, – деді министр.
Сөз соңында Жұманғарин қазақстандықтарды алаңдамауға шақырды.
Қатты уайымдауға негіз жоқ. Жақын уақытта Қазақстанда үлкен экономикалық күйзелістер болады деп ойламаймыз, – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Біріккен Араб Әмірліктері 1 мамырдан бастап OPEC және OPEC+ құрамынан шығатынын мәлімдеген болатын. Ел билігі бұл шешімді өндіріс квоталарымен келіспеуімен түсіндірді. Әмірліктер енді мұнай өндірісін нарықтағы сұраныс пен жағдайға қарай ұлғайтуды жоспарлап отыр.