Жұманғарин: Мені салық реформасының "әкесі" деуге болады

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында журналистердің ауқымды салық-бюджет реформасына қатысты тәуекелдер туралы сұрағына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, бұл реформаны іске асыру мен үйлестіруге жеке өзі жауапты.

Журналистер экономиканың барлық саласын қамтитын кең көлемді салық-бюджет реформасы барысында іркілістер туындаса, жауапкершілікті кім көтеретіні және бизнесті жалпыға бірдей белгіленген режимге көшіру кезінде орын алуы мүмкін қателіктерді Үкімет қалай түзететіні жөнінде сұрақ қойды.

Серік Жұманғарин салық реформасына және оның үйлестірілуіне өзі жеке жауап беретінін айтып, әріптестерінің әрқайсысы өз бағыты үшін жауапты екенін жеткізді. Сонымен қатар өзін бұл реформаның «әкесі» деуге болатынымен келісті.

Бізде бәрі ойдағыдай болады деп есептейміз, түсінесіз бе? Ешқандай “егер” деген жоқ. Неге? Өйткені бұл – эксперимент емес. Мұндай салада ешкімнің эксперимент жасауға құқығы жоқ. Бұл – есептер, халықаралық тәжірибеге сүйену. Ең бастысы, бұл қандай да бір болжап-бал ашу емес. Мұны дайындау барысында институттар мен осы саладағы ең үздік мамандар жұмыс істеді. Қазір мұнымен бәрі айналысып жатыр. Мысалы, Ресей Федерациясында Жаңа жылдан бастап ҚҚС 20 пайыздан 22 пайызға өседі. Былтыр олар корпоративтік табыс салығын 20 пайыздан 25 пайызға көтерді. Жалпы алғанда, бұл – әлемдік тәжірибеде қалыпты құбылыс. Бірақ Қазақстанда ашық әрі еститін мемлекет болғандықтан, біз бұл реформаны бір жыл бойы сіздермен, бизнеспен бірге талқылап келеміз. Ал басқа елдерде мұндай реформалар өте жылдам қабылданып, ары қарай іске асырыла береді, – деп түсіндірді вице-премьер.

«Ал егер бірдеңе дұрыс болмаса, өзі отставкаға кете ме?» деген сұраққа вице-премьер мұндай шешімді Мемлекет басшысы қабылдайтынын және бұл мәселе оның құзыретіне кірмейтінін айтты.

Мен – мемлекеттік қызметшімін. Маған сеніп тапсырылған сала үшін жауапкершілікті өз мойныма аламын. Мен ешқашан одан бас тартқан емеспін және жауапкершілікті ешкімге аудармаймын, – деді Серік Жұманғарин.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Үкімет баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы