Жұманғарин: Біздің міндетіміз – тапшылыққа жол бермеу
Премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру мәселелері бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының құны 0,2%-ға өсті. Түтік кеспе (+2,1%), күріш, күнбағыс майы және тұз (+1,3%), ұн, сүзбе және қант (+0,6%) бағалары едәуір өсті. Көкөніс өнімдері – пияз (-4,6%), картоп (-1,8%), қырыққабат (-1,7%) және сәбіз (-1,5%) бағасы төмендеді.
Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев облыстардағы сауда үстемесі жөніндегі комиссиялар мен мониторингтік топтардың жұмысы туралы мәселені көтерді. Ол комиссиялардың жұмысын толығымен қайта қарап, азық-түлік бағасының қалыптасуына тікелей әсер етіп отырған арадағы делдалдарды анықтауға жұмылдыруды ұсынды.
Әкімдер мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің негізгі азық-түлікпен қамтамасыз ету туралы ақпаратын тыңдаған Серік Жұманғарин алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттерді белгіледі.
Біз негізгі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өндірушілер қауымдастықтарымен кездесу сессиясын өткіздік. Айналым қаражатын қаржыландыру және бөлу схемасын қайта қарайтын боламыз, ӘМАТ-тың бес атауы бойынша өндірушілермен тікелей келісімшарт жасасу схемасына көшуді жоспарлап отырмыз. Біздің міндетіміз – тапшылыққа жол бермеу және негізгі азық-түлік өнімдері бағасының өсу қарқынын төмендету. Ең бастысы – толық бақылауды, оның ішінде өңірлік комиссиялардың қызметін бақылауды қамтамасыз ету. Делдалдарды анықтау бойынша өңірлік комиссиялар құру – Мемлекет басшысының тапсырмасы. Олардың жұмысын Сауда және интеграция министрлігінің өңірлік бөлімшелерінің ресурстары есебінен күшейту қажет. Бұл жұмысты Сауда комитетіне тапсырамын, — деді Серік Жұманғарин.