Жұлдыздарға жол салған қазақ
Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Талғат Мұсабаев өмірден өтті. Авиация мен ғарышты арман еткен ұлдың асқақ сапары – қазақтың көкжиегін кеңейткен тарихи жол. Талғат Мұсабаев – қарапайым ауылдан шыққан, аспанды игерген қайсар тұлға. BAQ.KZ тілшісі қазақтың қайсар ұлының еңбекке толы өмір жолына шолу жасап көрген болатын.
Қарғалыдан ғарышқа дейін
Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев 1951 жылдың 7 қаңтарында Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Қарғалы ауылында дүниеге келген. Мектепті бітірген соң, Ригадағы азаматтық авиация институтында радиожабдықтар мамандығы бойынша білім алып, инженерлік жолын бастаған. Алайда оның жүрегін ғылым мен техникадан гөрі – аспан мен көк қызықтырды.
Азаматтық авиация: Алғашқы қанат қағу
1970-жылдардың ортасында Мұсабаев Алматыдағы комсомол жүйесінде комитет хатшысы болып жұмыс істейді. Кейінірек азаматтық авиацияда тәрбие саласына ауысады. 1984 жылы Алматы әуе клубын тәмамдап, 1986 жылы азаматтық авиацияның ұшқышы куәлігін алады. Бұл – оның ғарышқа бастар жолының нақты тұсауы болды.
Медициналық тексерулер мен алғашқы сынақтар
1986 жылдан бастап Мұсабаев медициналық тексерістерден өтіп, ғарышкер болуға ресми үміткерлер қатарына енді. Бастапқыда жоба аяқсыз қалады. Бұдан кейін елге оралған Мұсабаев 1987 жылы екінші ұшқыш болып жұмысқа орналасады. 1989 жылы Боралдай біріккен әуе отрядында Ан-2 ұшағында командир болады. Алған бетінен қайтпайтын Талғат 1988 жылы қайтадан медицинациялық тексерістен өтіп, медкомиссия оны ғарыштық дайындыққа жіберу туралы шешім шығарды.
1994 жыл: Қазақ ғарышкерінің тұңғыш сапары
1994 жылдың 1 шілдесінде Талғат Мұсабаев алғаш рет ғарышқа аттанды. "Союз ТМ-19" кемесінің борт инженері ретінде ол орбитада 125 күн болды. Осы уақытта оған "Агат-2" атағы берілді. Осы миссия аясында екі мәрте ашық ғарышқа шыққан. Біріншісі – 9 қыркүйекте: 5 сағат 6 минут, екіншісі – 13 қыркүйекте: 6 сағат 1 минутқа созылды.
1996 жылы 25 наурыздан бастап 1997 жылдың қаңтары аралығында Мұсабаев ЭО-23 бағдарламасы бойынша тағы да ғарышқа дайындығын бастады. Бұл жолы ол екінші экипаждың командирі болуға әзірленді.
1998 жыл: "Кристалл-1" мәртебесімен ғарышқа екінші сапар
1998 жылы Мұсабаев қайта ғарышқа көтерілді. Бұл жолғы миссия 29 қаңтардан 25 тамызға дейін жалғасты.
Сапар барысында Мұсабаев ашық ғарышқа бес рет шықты:
3 наурыз күні, ұзақтығы — 1 сағат 15 минут (бұл әрекеті сәтсіз болды);
1 сәуір күні, ұзақтығы — 6 сағат 40 минут;
6 сәуір күні, ұзақтығы — 4 сағат 15 минут;
11 сәуір күні, ұзақтығы — 6 сағат 25 минут;
17 сәуір күні, ұзақтығы — 6 сағат 33 минут;
22 сәуір күні, ұзақтығы — 6 сағат 21 минут.
Ол алты рет ашық ғарышқа шығып, күрделі техникалық жұмыстарды жүзеге асырды. Бұл рекорд – қазақ ғарышкерлерінің арасында әлі күнге дейін үздік нәтиже.
Ғарышқа дайындық
Ғарыш – адамзаттың ең ұлы арманы. Ал Талғат Мұсабаев үшін бұл арман бір сәттік қиял емес, өмірінің айнымас өзегіне айналған. Оның жұлдыздарға жасаған сапары тек техникалық миссия емес — қазақ рухының көкке көтерілген айғағы болды. Осы жолдағы әр кезеңі — жауапкершілік пен қажырдың нәтижесі.
1997 жылдың 28 шілдесі. Қазақстан ғарыш саласының тарихында маңызды күн. Бұл күні Талғат Амангелдіұлына мемлекеттік ведомствоаралық комиссияның шешімімен ерекше мәртебе берілді — ол бірінші экипаждың командирі болып тағайындалды. Бұл шешім — оның ғарышкер ретіндегі біліктілігі мен сенімділігіне берілген ресми баға еді.
Уақыт өте келе, Мұсабаевқа жүктелген міндеттер одан әрі күрделене түсті. 1999 жылдың көктемінен бастап 2000 жылдың мамырына дейін ол бірінші ресейлік экспедицияның экипажын басқаруға арнайы дайындықтан өтті. Бұл кезеңде ол командирлік қабілетін шыңдап, әрбір жаттығу мен сынақты жіті назарда ұстады.
2000 жылдың 2 маусымында Талғат Амангелдіұлы ЭО-29 бағдарламасы аясында екінші экипаждың командирі болып тағайындалады. Бұл миссия – халықаралық деңгейдегі ынтымақтастықтың көрінісі, сондай-ақ қазақ ғарышкерінің екінші толқындағы стратегиялық рөлі еді.
Сол жылдың 12 маусымынан бастап Мұсабаев пен ресейлік ғарышкер Юрий Батурин бірлесе ұшуға белсенді түрде дайындала бастайды. Екі елдің өкілдері бір кемеде – бұл тарихи байланыстың, сенім мен үйлесімділіктің үлгісі болды.
Ал 2001 жылдың қаңтарында Талғат Амангелдіұлының есімі тағы да резервтік экипаж құрамында аталды. Ол Юрий Батурин мен Дмитрий Титомен бірге жаңа "Союз ТМ" кемесін алмастыру миссиясына дайындық жүргізді. Бұл кезеңде Мұсабаев тек қана ұшу емес, стратегиялық шешімдер қабылдау деңгейінде де танылды.
Ғарышқа үшінші сапар
2001 жылдың көктемінде Талғат Мұсабаев тағы да көкке көтерілді. Бұл жолғы сапары — оның ғарыштық мансабындағы үшінші әрі соңғы миссия болды. 28 сәуір мен 6 мамыр аралығында ол "Союз ТМ-32" кемесінің командирі ретінде Халықаралық ғарыш станциясына бағыт алды. Бұл сапар – тәжірибе мен батылдықтың, сенім мен жауапкершіліктің биік көрінісі болды.
Жерге аман-есен оралған соң, Мұсабаевтың өмірінде жаңа кезең басталды. 2003 жылдың 27 қарашасында Ғарышкерлерді даярлау орталығының негізгі құрамынан шығарылды. Бұл шешім оның өз еркімен жаңа жұмыс бағытына бет бұруына байланысты қабылданды. Ол енді Жердегі міндеттерге кірісіп, ғарыштағы тәжірибесін ел дамуына арнауға бел буды.
Ғарыштан кейінгі өмір
2003 жылдан бастап Талғат Мұсабаев авиация мен ғарыш салаларында түрлі лауазымдарды атқарды. Ресей Федерациясы авиация әскері дайындық басқармасының басшысы, Жуковский атындағы әскери-әуе академиясы бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. "Бәйтерек" АҚ-ның директоры, Қазақстан ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы, Аэроғарыш комитетінің басшысы, премьер-министрдің кеңесшісі болды. 2017 жылы Сенат депутаты ретінде де елдің дамуына үлесін қосты.
2007 жылы Қазақстан ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы болды.
2014 жылы үкімет басшысының азаматтық авиация және ғарыш қызметі мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі ретінде еңбек етті.
2014 жылы Қазақстан Республикасы инвестициялар және даму министрлігінің аэроғарыш комитетінің төрағасы болып тағайындалды.
2016-2017 жылы Қазақстан Республикасы президентінің кеңесшісі ретінде қызмет етті.
2017 жылы Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болды.
Отбасы
Талғат Мұсабаев — отбасы мен ел алдындағы жауапкершілікті қатар алып жүрген азамат. Жұбайы Виктория — тіс дәрігері. Ұлы Данияр — құқық қорғау саласында қызмет атқарады, қызы Кәмилә — шығармашылық бағытта өмір сүріп келеді.
Марапаттары
Талғат Амангелдіұлы — Қазақстанның "Халық қаһарманы", Ресейдің "Герой Российской Федерации" атағын алған санаулы тұлғаның бірі. Сонымен қатар, "Отан", "Барыс" ордендерімен, NASA медалімен, Австрия және Ресейдің беделді марапаттарымен де айрықша аталып өткен.
Қазақтың ғарыштағы ізі – мәңгілік
Талғат Мұсабаев – қазақтың көгінде ғана емес, ғарыштың биігінде де із қалдырған тұлға. Ол – тек ғарышкер емес, ұлттың рухын көтерген қайсар қайраткер. Жас ұрпақ үшін оның өмірі – тек естелік емес, бағыт, бағдар.
Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйгілі ұшқыш-ғарышкер, Халық қаһарманы, мемлекет және қоғам қайраткері Талғат Мұсабаевтың дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты.