«Жұлдызбен бір сахнада» жобасының алғашқы концерті өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордалық көрермендер «Жұлдызбен бір сахнада» жобасы аясында «FORTE-TRIO» мемлекеттік триосының концертін тамашалады. 

Қазақконцерттің 60-шы мерейтойлық маусымында өткен «Редеет облаков летучая гряда» атты концерт «Qazaqstan» орталық концерт залының үлкен сахнасында өтті.

Концерттік бағдарламаға орыс музыкалық романтизмі дәуіріндегі вокалдық миниатюралар енді. Бұл кеште М.Балакирев, М.Мусоргский, А.Бородин, Н.Римский-Корсаков, Ц.Кюи сынды атақты композиторлардың үздік туындылары шырқалды. Осы шығармалардың поэтикалық негізін ХІХ ғасырдың І жартысында қалам тартқан орыс ақындарының өлеңдері құрады. Романстармен жұмыс жасай отырып, композиторлар мән-мағынаға, поэтикалық мәтінді таңдауға, оны жүзеге асырудың экспрессивті құралдарына үлкен талаптар қойды.

Ерекше форматта өткен концертті өнер сүйер қауым зор ықыласпен қабыл алды. Тыңдармандар атақты музыкалық шедеврлерді әртістермен бір сахнада отырып тамашалай алды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақконцерттің көркемдік жетекшісі Тимур Урманчеев атап өткендей, көрермендер концерттің тікелей қатысушысы болып, жаңа әсер алды.

«Жұлдызбен бір сахнада» жобасының арқасында көрермендер әртістерге жақын бола түсіп, ерекше шығармашылық процесстің қыр-сырын тереңірек сезіне алды. Орындаушы мен тыңдаушы арасындағы дәл осындай байланыс жаңа концерттер мен туындылардың пайда болуына шабыт беріп, мәдени байланысты арттыра түседі. Бүгінгі кеш – жаңа жобамыздың алғашқы концерті. Алдағы уақытта бұл жоба тұрақты түрде өткізіледі. «Қазақстан» орталық концерт залының бас сахнасы толыққанды камералық залдың функциясын атқарды. Залдың тамаша акустикасы осындай жаңа тәжірибелерге жақсы мүмкіндік беріп отыр, - деп жеткізді маэстро.

Концерттің жаңа форматымен ерекше үйлесім тапқан «FORTE-TRIO» әртістерінің кәсіби шеберлігі көрерменнің жоғары бағасын алды.

«FORTE-TRIO» мемлекеттік триосымен бірге сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Ниязова (сопрано) мен Азамат Жылтыркөзов (баритон) өнер көрсетті. Әртістер орысша романстардың жарқын үлгілерін орындады.  

«Қазақконцерт» ұйымында мәлімдегендей, жаңа жоба аясында маусым айында елордалық көрерменнің назарына түрлі музыкалық бағыттағы концерттер ұсынылады. Олардың қатарында: қазақ ұлттық музыкасы, фольклорлық аспаптық әуендер, классикалық концерттер, заманауи музыка, авторлық кештер, хор-концерт пен спектакльдер.

​Концерттердің барлығы «Қазақстан» орталық концерт залында өткізіледі. Көрермендер концерттік залға «Ashyq» қосымшасы арқылы кіре алады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы