«Жұлдыз лига» жеңімпаздары 1 млн теңгеге ие болды
Шағын футболдан өнер және медиа қызметкерлерінің арасындағы «Жұлдыз лига» қалалық біріншілігінің жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жарысқа барлығы 12 команда қатысты. Одан 6 команда іріктеліп, чемпиондыққа таласты.
«Жұлдыз лига» 2022 жылы қысқы маусымнан бастау алды. Одан кейін көктем-жаз маусымын өткіздік. Бүгін жаз-күз маусымын қорытындылап жатырмыз. Оның арасында біз қалалық біріншіліктен бөлек, өнер және медиа қызметкерлерінің арасында республикалық «Жұлдыз лига» жарысын Астана, Ақтау, Алматы қалаларында өткіздік, - дейді «Жұлдыз лига» ұйымдастырушысы, тележурналист Нұрсұлтан Құрман.
Ұйымдастырушы «кәсіби футзалшылармен ойында тереземіз тең емес, әуесқой футболшылармен көп жігіттердің ойнауы қиын» екенін айтып, басты мақсат футболды жақсы көретін өнер ұжымдары мен медиа қызметкерлеріне арнайы алаң жасау екенін атады.
Жарыста Қазмедиа орталығының жігіттерінен құралған «Voltman» командасы жеңімпаз атанып, 1 миллион теңге жүлде қорына ие болды. Екінші орынды Қарағанды қаласының өнерпаздарынан құралған «Никулин» командасы жеңіп алса, қола жүлдені «Qurman» командасы қанжығасына байлады.
Үш жарым айға созылған өте қызықты, тартысты дода болды. Жүлделі бірінші орынды алуға ниетті едік, бірақ жаз кезінде демалыс, той уақыты болғандықтан, дайындық аздау болып қалды. Енді қысқы маусымға жақсылап дайындалып, қайтадан чемпиондыққа таласамыз, - дейді «Qurman» командасының мүшесі, журналист Елдос Өмірханұлы.
Алдағы уақытта «Жұлдыз лиганың» қысқы маусымы басталады. Оған Астанадағы телеарна, театр, өнер ұжымдары, блогерлер мен той саласында жүрген азаматтардан құралған 10-14 команда қатысады деп күтіледі.
Айта кетейік, биылғы жаз-күз маусымының бас серіктесі болып, жүлделерді тағайындаған «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты.