Бүгiн 2026, 17:45

"Жұлдыз болғым келеді": Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған жоба басталды

Бастама балалар үйінің дарынды тәрбиеленушілерін қолдауға бағытталған.

Бүгін Астанада «Жұлдыз болғым келеді» жобасының жаңа маусымына арналған баспасөз конференциясы өтті. Жоба «El Umiti» корпоративтік қоры мен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Айта кетейік, бұл бастама алғаш рет 2025 жылы вокал бағыты бойынша ұйымдастырылған. Биыл жоба кеңейтіліп, би өнеріне қызығатын жасөспірімдерге жаңа мүмкіндік ұсынып отыр.

Баспасөз конференциясына жоба авторы және жетекшісі Алексей Лодочников, «El Umiti» корпоративтік қорының атқарушы директоры Гүлім Жүсіпова, сондай-ақ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілі Махаббат Бегалина қатысты.

Бастама балалар үйінің дарынды тәрбиеленушілерін қолдауға бағытталған. Бүгінде Қазақстанда шамамен 3 мыңға жуық бала балалар үйінде тәрбиеленуде. Олардың арасында өнерге бейімі бар, алайда кәсіби деңгейде дамуға жағдай кейде шектеулі.

Жоба авторы Алексей Лодочниковтың айтуынша, бұл алаң әр балаға өзін көрсетуге жол ашады.

«Жұлдыз болғым келеді» – қоғамдағы нақты қажеттіліктен туындаған әлеуметтік маңызы жоғары жоба. Ол қатысушылардың шығармашылық әлеуетін ашып, өзіне деген сенімін нығайтуға бағытталған, - деді ол.

Өткен маусымда байқауға 170 бала қатысып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтар мен шетелге жолдама иеленді. Биыл республика бойынша 900-ге жуық қатысушы күтілуде. Бағдарламаға 6 мен 18 жас аралығындағы балалар үйінің тәрбиеленушілері қатыса алады.

Жеңімпаздарға 700 мыңнан 2 миллион теңгеге дейін ақшалай сыйақы қарастырылған. Финал 29-30 қазан күндері Астана қаласында өтеді. Финалда еліміздің әр өңірінен 100-ге жуық дарынды жас бақ сынайды.

Іріктеу кезеңі 20 сәуір күні Алматы облысынан басталып, Түркістан, Павлодар, Қостанай, Абай, Қарағанды, Жетісу, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында жалғасады.

Еске салайық, былтыр "Жұлдыз болғым келеді" жобасы аясында балалар үйінің 4 тәрбиеленушісі Дубайға жолдама ұтып алды.