Жүктіліктен кейін өлім қаупі 22 пайызға жоғары – Айжан Есмағамбетова
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздің ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова әлеуметтік желіде тарап кеткен «Hayat Vax вакцинасын алғандар екі жыл жүктілікті жоспарламауы тиіс» деген ақпараттың жалған екенін айтты. Сонымен қатар аталған вакцинаның жүктілік кезіндегі әсерінің қандай болатынын мәлімдеді.
Жүкті әйелдер үшін коронавирус жұқтыру қауіпті. Ғылыми дәлелдерге сүйенетін болсақ, қарапайым коронавирус жұқтырған адаммен жүкті әйелді салыстырсақ, әйелдің жүктіліктен кейінгі өлім көрсеткіші 22 пайызға жоғары. Сонымен қатар инфекциямен ауырған әйелден туған сәбилердің өліп кету қаупі 10 пайызға жоғары. Сол себепті әрбір адам екі адамның өміріне жауапты екенін түсінуі керек, - деді ол.
Маманның сөзінше, вакцина жүкті немесе қарапайым адамдардың репродуктивті денсаулығына қауіп төндірмейді.
Еліміздегі вакциналардың адам ағзасына теріс әсері жоқ. Керісінше, COVID-19 инфекциясымен аурырған ерлер мен әйелдердің репродуктивті қызметінде өзгеріс болуы мүмкін. Ал вакцинация адам өміріне қауіп төндірмейді, - дейді Айжан Есмағамбетова.
Сонымен қатар пандемия кезінде жүктілік уақыты келгенде қалай қорғану қажеттігін түсіндірді.
Жүкті болмай тұрып бір ай бұрын вакцина алуды тоқтату керек. Ал әлеуметтік желіде тарап жүрген «Hayat Vax» препаратына байланысты екіъқабат әйелдердің 2 жыл жүктілікті жоспарламауы тиіс деген сөз дұрыс емес, ғылыми негізі жоқ. Бұған дейін ДДСҰ мәлімдемелерінде «Hayat Vax» вакцинасына қатысты ондай деректер тіркелмеген, - деді ДСМ Санитарлық эпидемиологиялық комитетінің төрағасы.