Бүгiн 2026, 17:23 Фото: pexels.com

Жүкті жолаушының жағдайы күрт нашарлап, Астана-Орал рейсі кері қайтарылды

Қонғаннан кейін әйел ұл бала босанды. Ана мен бала дәрігер бақылауында.

Астана – Орал бағыты бойынша ұшып шыққан әуе рейсі жүкті жолаушының жағдайына байланысты кері қайтарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оқиға 18 наурыз күні FS7367 рейсінің бортында болған. Ұшу кезінде жолаушылардың бірі – жүктіліктің 27-аптасында болған әйелдің жағдайы күрт нашарлаған.

Экипаждың өтінішіне жауап берген борттағы екі дәрігер дереу медициналық көмек көрсете бастаған.

Жолаушының жағдайын және мамандардың ұсынымын ескерген әуе кемесінің командирі рейсті тоқтатып, Астана әуежайына қайту туралы шешім қабылдаған.

Ұшақ қонғаннан кейін әйел жедел медициналық қызмет мамандарына тапсырылды.

Кейін белгілі болғандай, әйел ұл баланы дүниеге әкелген. Нәресте дәрігерлердің бақылауында.