Жүкті және емізулі баласы бар әйелге ауыз бекітпеуге бола ма?

Жүкті және емізулі баласы бар әйел оразада не істейді? Бұл сұраққа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жүкті әрі емізулі баласы бар әйелдер ораза ұстау өзіне не баласына зиян беруден қорықса, ораза тұтпауға рұқсат етіледі. Кейін оразаның қазасын өтейді. Үзір себепті ауыздарын ашқандықтан кәффарат міндеттелмейді. Оған қоса підияны да бермейді. Өйткені құрсақтағы немесе омырауындағы балаға қауіптенгені үшін ауыз ашқаны қарт кісінің мәселесіне ұқсамайды. Әнас ибн Мәлік (Алла оған разы болсын): «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі үшін қауіптенетін жүкті әйелге және сәбиіне зиян жетуінен қорыққан емізуші әйелге ауыз ашуға рұқсат етті», – дейді. Егер емізулі әйел баласын өзінің сүтінен басқасымен (жаңа туылған нәрестелерге арналған қоспалар) емізуге шамасы келсе, аузын ашпайды. Ал оған жағдайы болмаса немесе нәрестесі оны қабылдамаса, онда емізулі әйел өзіне не баласына зиян жетуіне қауіптеніп, аузын ашады, - дейді ҚМДБ.

Сонымен қатар, дәрігер бала емізетін әйелге сәбидің еміне қажетті дәрумендер қабылдауды жазып берсе, онда оған ораза ұстамауына рұқсат етіледі.

әл-Фәтәуа әт-Татарханияда» былай келеді: «Шейхтан: «Іші өтіп жатқан емізулі балаға дәрі ішкізетін болса өліп қалу қаупі бар. Дәрігерлер анасы дәріні ішсе сүті арқылы кішкентай баланың емделетінін айтуда. Сондықтан бұл әйел рамазан айының күндізгі уақытында сол дәріні ішуі аса қажет болса, оған бұл үзірлі жағдайды негізге алып аузын ашуға бола ма?» –деп сұрағанда, ол: «Білікті дәрігерлер осылай тұжырым жасаса, ашуға болады», – дейді». Денсаулығына немесе сәбиге зиян келетін-келмейтінін немесе сырқатының қауіпті-қауіпсіздігін нақты анықтау үшін жақсы дәрігерге жүгінген абзал. Мұны барлық ислам ғұламалары қолдайды. Ал, қазасын өтегенде оразаны қатарынан күнделікті ұстаса да, бөлек-бөлек ұстаса да болады, - делінген ҚМДБ жауабында.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы