Жүкті әйелдерге вирусқа қарсы дәрілер тегін беріледі
Астанада ЖРВИ мен тұмаудың өршу маусымы жалғасып жатыр. Осыған байланысты медицина қызметкерлері жүкті әйелдерге арналған алдын алу шараларын күшейтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қала әкімдігінің мәліметінше, бұл санат вирустық инфекциялар үшін ең осал топтардың бірі болып саналады.
Дәрігерлердің айтуынша, жүктілік кезінде иммундық жүйе табиғи түрде әлсірейді. Бұл нәрестені көтеру процесі үшін маңызды болғанымен, болашақ аналардың вирустарға сезімталдығын арттыра түседі. №5 қалалық емхананың әйелдер консультациясының меңгерушісі Айгүл Жүсіпбекованың айтуынша, жүкті әйелдер ЖРВИ-ді ауыр көтереді: қызба ұзаққа созылады, сусыздану қаупі жоғары, тыныс алу жүйесі тарапынан асқынулар жылдам дамуы мүмкін.
Егер болашақ ана инфекцияны ауыр өткерсе, бұл тікелей балаға да әсер етеді. Сондықтан біз әрдайым: алдын алу – басты қорғаныс деп ескертеміз, – деді дәрігер.
Вакцина – ең тиімді қорғаныс
Тұмаудың ауыр ағымының алдын алудың негізгі тәсілі – вакцинация. Елордадағы емханаларда жүкті әйелдерге екпе тегін жасалады. Айгүл Жүсіпбекованың мәліметінше, жыл сайын болашақ аналардың шамамен 80%-ына вакцина салуға мүмкіндік бар, бұл асқынулар қаупін едәуір төмендетеді.
Эпидмаусым басталып кеткен жағдайда дәрігерлер төмендегі сақтық шараларын ұстануды ұсынады:
• қоғамдық орындарда маска тағу;
• адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ болу;
• қолды жиі жуу және антисептик қолдану;
• сауда орындары мен базарларға бармау.
Ауру белгілері байқалса – дереу дәрігерге
Қызу көтерілуі, әлсіздік, мұрын бітуі, тамақ ауыруы немесе көзден жас ағу сияқты белгілер пайда болса, жүкті әйелдерге фильтр-кабинеттерге бірден жүгіну ұсынылады.
Өзін-өзі емдеуге қатаң тыйым салынады. Емханаларда болашақ аналарға тек рұқсат етілген дәрілер тағайындалады, оның ішінде негізгі қызу түсіретін құрал ретінде парацетамол қолданылады. Қажет жағдайда вирусқа қарсы препараттар да тегін беріледі.
Емханаларда жеке маршрут ұйымдастырылды
Инфекция жұқтыру қаупін азайту үшін №5 емханада жүкті әйелдерге арналған консультация жұмысы қайта ұйымдастырылды: жеке кіреберіс, бөлек процедура кабинеті, арнайы терапевт және алдын ала жазылу бойынша қабылдау.
Фильтр-кабинеттер күн сайын 08:00–20:00 аралығында жұмыс істейді. Бес терапевт қабылдайды, бұл кезек күтуді азайтып, диагностика процесін жеделдетеді.