Жүкті әйел "Алматы – Өскемен" пойызында босанып қалды

Жас ана Жансая Көкенова жүктіліктің соңғы айында Алматыдан Өскеменге №352 пойызбен жолға шыққан, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Пойыз жөнелтілгеннен кейін Екаша–Айыртау станциялары арасында жолаушының толғағы басталған. Вагон жолсерігі Бағдагүл Әбдәқұлова және пойыз бригадасының басқа да қызметкерлері қажетті көмек көрсетіп, толғақ қысқан әйелді аман-есен босандырып алды. Қыз бала 7 ақпанда сағат 13:30-да дүниеге келді.

Пойыз бригадасы лауазымдық нұсқаулыққа сәйкес жақын маңдағы станцияға жедел жәрдем шақырды. Вагонда босанған әйелге көмек көрсету үшін барлық қажетті жағдайлар жасалды.

Өскемен станциясына келгеннен кейін қызды анасымен бірге жедел жәрдем қызметкерлері қабылдады.

Жолсерік Бағдагүл Әбдәқұлова теміржолда 23 жылдан астам жұмыс істеп келеді. Бұл оқиға оның тәжірибесінде бірінші рет орын алып отыр. Пойыз жолсерігінің айтуынша, бұндай оқиғада жәрдемесу үлкен жауапкершілікті талап етеді, - деп жазды "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметі.

Айта кетейік, пойыз бригадаларының қызметкерлері стандартты емес жағдайларда алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша тұрақты негізде оқытудан өтеді. Соңғы 3 жылда "Жолаушылар тасымалы" АҚ пойыздарында 12 бала дүниеге келді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы