Кеше 2026, 19:18 Фото: ortcom.kz

Жүк тасымалы артты: Қазақстан–Ресей шекарасында кезек көбейді

Мамандар кезектің пайда болуын инфрақұрылымдық жүктеменің өсуімен түсіндірді.

Павлодар облысындағы Қазақстан–Ресей шекарасында орналасқан «Қосақ» өткізу пунктінде жүк көліктерінің жиналуы байқалып отыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, көлік санының артуы жеміс-көкөніс өнімдерін тасымалдау көлемінің маусымдық өсуімен байланысты.

Күту уақытын қысқарту мақсатында өткізу пункті күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл ұйымдастырылып, көлік қозғалысының үздіксіз жүруін қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылданып жатыр.

ҰҚК тасымалдаушыларға өзге халықаралық өткізу пункттері арқылы балама бағыттарды пайдалануға болатынын еске салды. Павлодар облысында шекарадан өту үшін «Шарбақты» және «Үрлітүп» өткізу пункттері қолжетімді. Ал Солтүстік Қазақстан облысында «Жаңа жол», «Қарақоға» және «Қызыл Жар» өткізу пункттері жұмыс істейді.

Сондай-ақ жүргізушілер мен көлік компанияларына электронды кезек жүйесін пайдалану ұсынылды. Бұл жүйе бос уақыт аралықтарының бар-жоғын алдын ала тексеруге және шекарадан өту уақытын жоспарлауға мүмкіндік береді. Соның арқасында өткізу пункттеріне түсетін жүктеме азайып, ұзақ күтудің алдын алуға болады.

ҰҚК мәліметінше, «Қосақ» өткізу пунктінің тәулігіне шығу бағытындағы орташа өткізу қабілеті шамамен 200–220 жүк көлігін құрайды.

Ведомство сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды қазіргі жағдайды ескеруге және қажет болған жағдайда қозғалыс бағыттарын алдын ала түзетуге шақырды.