Жүк көліктері - жолдың жауы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі бүгінде Орталық Азиядағы ең ірі транзиттік жолға айналды.
Стаститикаға сүйнесек, тек Сыр өңірі аумағынан тәулігіне 8 мыңға жуық автокөлік осы күрежолмен әрлі-берлі өтеді екен. Соның басым көпшілігі жүк тасымалдайтын көліктер.
Алайда, бұл жүктеме тасжолдың сапасына кері әсерін тигізбей қоймайтыны анық. Әсіресе, қиыршық тас таситын ауыр жүк көліктері жолдың жауы дейді мамандар.
Осы орайда, көктемгі шектеулерге байланысты «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» мекемесінің мамандары мен облыстық көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері бірлескен рейдке шығып, халықаралық автодәліздің бойында бақылау жүргізді. Жүк тасымалдайтын көліктерді тоқтатып, арнайы таразымен тексеру барысында 4 жүргізушінің шамадан тыс зат тиеп, заң талаптарын бұзғаны анықталды, - деді "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК Қызылорда облыстық филиалының инженері Нұржан Бекжігітов.
Сәйкесінше, екеуіне 15 мың теңге көлемінде айыппұл салынса, екі жүргізушінің әкімшілік хаттамасы сотқа жолданды. Ал бұзылған жолды қайта қалыпқа келтіру мемлекетке қыруар шығын келтіреді.
Осындай талап сақтамаған жүк көліктері жүргізушілерінің кесірінен «БатысЕуропа-БатысҚытай» халықаралық тасжолының сапасы сыр бере бастаған.
Қазіргі таңда халықаралық трассаның бірқатар учаскесінде асфальт жамылғысы сүріліп, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы уақытта құзырлы мекеме мамандары жол бойында бақылауды күшейте түспек.