Бүгiн 2026, 14:49 Фото: Reuters

Жүк көлігінің жүргізушісінің әрекетінен кейін Бішкектің бір бөлігі жарықсыз қалды

Станция жұмысы толық қалпына келгенге дейін ыстық су беруде де уақытша іркілістер болуы мүмкін.

Қырғызстан астанасында электр жеткізу желісіндегі апат салдарынан ауқымды электр қуатының үзілуі тіркелді. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаға HOWO жүк көлігінің 110 кВ әуе желісін зақымдауы себеп болған.

Kaktus.media басылымының хабарлауынша, апат салдарынан Бішкек тұрғындарының бір бөлігі электр жарығынсыз қалған. Ұлттық электр желілері компаниясында мамандардың апаттың салдарын жою жұмыстарына кіріскені хабарланды.

Қала әкімдігінің мәліметінше, 6 маусым күні сағат 15:40-та электр желілеріндегі автоматты қорғаныс жүйесінің іске қосылуына байланысты Бішкек жылу электр орталығында электр және жылу энергиясын өндіру уақытша тоқтатылған.

Қала билігі станция жұмысы толық қалпына келгенге дейін ыстық су беруде де уақытша іркілістер болуы мүмкін екенін ескертті. Жөндеу жұмыстарының қашан аяқталатыны әзірге белгісіз.