Жуалыдағы қайғылы оқиға: Әкесін өлтірген ер адам мәжбүрлі емдеуге жіберілді
Жамбыл облысында әкесін өлтіру ісі бойынша сот үкімі шықты.
Жамбыл облысында әкесін пышақтап өлтірген ер адамға қатысты сот шешімі шықты. Сараптама оның ауыр психикалық дертке шалдыққанын анықтап, сот оны мәжбүрлі емдеуге жіберді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қайғылы оқиға өткен жылдың тамыз айында Жуалы ауданындағы Бауыржан Момышұлы ауылында болған.
Сол күні әкесі мен ұлы үйде болған. Ер адам ұлына оны қайтадан Тараз қаласындағы психоневрологиялық диспансерге емделуге жіберетінін айтқан. Жас жігіт бұған дейін психиатрлардың бақылауында болып, екінші топтағы мүгедектікке ие болған.
Бұл хабар жігіттің ашуына тиген. Әке мен бала арасында жанжал туындаған. Әкесі ұлын тыныштандыруға тырысып, оны итеріп жіберіп, аулаға шыққан. Алайда жанжал мұнымен аяқталмаған.
Ас үйде қалған жігіт үстел үстіндегі ас үй пышағын алып, әкесінің соңынан шыққан. Ашуға булыққан ол әкесінің басы мен денесіне бірнеше рет пышақ сұққан. Алған жарақаттары ауыр болып, ер адам сол жерде жан тапсырған.
Кейін жігіт әкесінің денесін ауладағы жазғы асүйге апарып, қабырғаға сүйеп отырғызған.
Оқиға бірден белгілі болмаған. Сол күні кешке үйге айыпталушының әпкесі келген. Ол әкесін көрмегенімен, үйден қанға ұқсас дақтарды байқайды. Алайда ағасы бұл дақтарды мұрнынан қан кеткенімен түсіндірген.
Тек келесі күні жігіт әпкесіне болған жағдайды мойындап: «Мен ауыр күнә жасадым… Әкемді өлтірдім», – деген.
Әйел мәйіттің қайда екенін сұрағанда, ол жазғы асүйді көрсеткен. Сол сәтте ер адам қолына пышақ алып, өзін де жарақаттауы мүмкін екенін айтып, өмір сүргісі келмейтінін және қайтадан психиатриялық ауруханаға жатқысы келмейтінін жеткізген.
Қорыққан туысы оны сабырға шақырып, жедел жәрдем шақырған.
Оқиға орнына келген медицина қызметкерлері жазғы асүйден қабырғаға сүйеп отырғызылған күйдегі ер адамның мәйітін тапқан. Оның денесінде көптеген пышақ жарақаттары болған.
Сот-медициналық сараптама ер адамның кеуде тұсы мен ішкі ағзаларына тиген пышақ жарақаттарынан болған көп қан жоғалту салдарынан көз жұмғанын анықтады.
Алайда тергеу барысында айыпталушының ауыр психикалық дертке шалдыққаны белгілі болды. Сарапшылар оған миының органикалық зақымдануы және параноидты шизофрения белгілері бар ауыр психикалық бұзылыс диагнозын қойған.
Мамандардың қорытындысына сәйкес, қылмыс жасалған сәтте ол өз әрекетінің мәнін және қоғамға қауіптілігін толық түсіне алмаған.
Сот ер адамның әкесін өлтіргенін мойындағанымен, оның есі дұрыс емес жағдайда болғанын ескеріп, қылмыстық жауапкершіліктен босатты.
Сот шешімімен ол қарқынды бақылауы бар мамандандырылған психиатриялық стационарда мәжбүрлі ем алуға жіберілді.