14 Тамыз 2026, 22:43

ЖСДП төрт күндік жұмыс аптасын енгізіп, жоғары білімді тегін етуді ұсынды

ЖСДП өкілі бұл ұсыныстарды азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, еңбек пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті қалыптастыруға және білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған шаралар ретінде атады.

Елордада жекеменшік БАҚ-тың YouTube арнасында Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов пен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) төрағасы Асхат Рақымжанов арасында онлайн-дебат өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Пікірсайыс барысында ЖСДП-ның әлеуметтік саясатқа қатысты бірқатар ұсынысы айтылды. Атап айтқанда, ЖСДП төрт күндік жұмыс аптасына кезең-кезеңімен көшу және жоғары білімді барша азамат үшін тегін ету мәселесін көтерді.

Асхат Рақымжанов төрт күндік жұмыс аптасы еңбек өнімділігін төмендетпей, азаматтардың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Ол Ұлыбританиядағы тәжірибені мысалға келтірді. Оның айтуынша, елде 61 компания қызметкерлердің жалақысын 100 пайыз сақтай отырып, төрт күндік жұмыс аптасын сынақтан өткізген. Бұл ретте қызметкерлер бес күнде атқарылатын жұмыс көлемін төрт күнде орындаған.

Еңбек ақысы – 100 пайыз, жұмыс уақыты – 80 пайыз, ал еңбек нәтижесі – 100 пайыз. Компаниялар мұндай жүйеге не үшін барады? Біз реформаларды не үшін жүргізіп жатырмыз? Адамдар бақытты болуы үшін емес пе? Мәселенің мәні осында, – деді ЖСДП төрағасы.

Оның айтуынша, Германия мен Италияда да төрт күндік жұмыс аптасына қатысты эксперименттер жүргізіліп жатыр.

Рақымжанов бұл бастама Қазақстанның еңбек заңнамасына қайшы емес екенін атап өтті. Оның сөзінше, қолданыстағы заңнамада жұмыс беруші мен қызметкердің өзара келісімі арқылы төрт күндік жұмыс аптасына көшу мүмкіндігі қарастырылған.

Дебат барысында ЖСДП төрағасы жоғары білімді азаматтардың әлеуметтік жағдайына қарамастан барлығына тегін ету қажет деген партияның ұстанымын білдірді.

Оның пікірінше, қазіргі цифрлық технологиялар мен білім экономикасы дамыған кезеңде әр азаматтың бастапқы мүмкіндігі тең болуы маңызды.

Егер біз “барлығына тегін” деп айтсақ, онда ол барлығы үшін тегін болуы керек. Таңдаулыларға ғана емес, жастарға немесе қарттарға, ерлерге немесе әйелдерге бөліп қарауға болмайды, – деді Асхат Рақымжанов.

Ол Германия секілді бірқатар мемлекетте жоғары білімнің тегін екенін атап өтті.

Білім беру – мемлекеттің ең маңызды басымдықтарының бірі. Қазір әлемдегі ең маңызды ресурс – білім. Егер мемлекет бұған қаражат таба алса, бұл бағытқа инвестиция салуы керек, – деді ЖСДП төрағасы.

Рақымжановтың пікірінше, мемлекет адам капиталына салынатын инвестицияны күшейтуі қажет.

ЖСДП өкілі бұл ұсыныстарды азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, еңбек пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті қалыптастыруға және білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған шаралар ретінде атады.