18 Тамыз 2026, 20:41 Фото: Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы

ЖСДП Семей мен Қостанайда әлеуметтік қолдау мәселелерін талқылады

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына кандидаттар Семей және Қостанай қалаларында әлеуметтік қорғау мәселелеріне арналған кездесулер өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Семейде кандидат Рүстем Сарманов қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған медициналық-әлеуметтік мекеменің қызметкерлері және қызмет алушыларымен кездесті. Ол мекеменің жұмысымен және ондағы тұрмыс жағдайымен танысты. Кездесу барысында медициналық және әлеуметтік қызметтердің сапасы, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, тамақтандыру, оңалту шаралары, қолжетімді орта қалыптастыру және кадр мәселелері талқыланды.

Мекеме қызметкерлері жалақы, еңбек кепілдіктері және сала мамандарының әлеуметтік қорғалуы мәселелерін де көтерді.

Әлеуметтік көмектің сапасы туралы айту үшін бұл қызметті тікелей көрсететін мамандарға да тиісті көңіл бөлінуі керек. Әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері үлкен жауапкершілік арқалап, күрделі жағдайда еңбек етеді. Сондықтан олар лайықты жалақыға, сенімді әлеуметтік қорғауға және құрметке ие болуы тиіс. Әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбекақысы, еңбек кепілдіктері мен құқықтарын қорғау мәселелерін жүйелі түрде шешу қажет, – деді Рүстем Сарманов.

Кездесу қорытындысында айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелер алдағы уақытта жан-жақты қарастыру үшін жүйелендірілді.

Қостанайда ЖСДП облыстық филиалының төрағасы, Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына кандидат Дамир Жақанов ерекше қажеттілігі бар балалардың аналары және қамқоршыларымен, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесті. Жиында қамқоршылардың мәртебесі, санаторий-курорттық ем алу, әлеуметтік қызметкерлердің жұмысы, инклюзивті жұмыс орындарын құру және балалар кәмелет жасына толғаннан кейінгі қолдау мәселелері талқыланды.

Әр отбасының өзіне тән мәселелері бар екенін жақсы түсінеміз. Алдағы уақытта осы бағыттағы түйткілдерді жан-жақты зерделеп, сіздерге қолдау көрсетуге және бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Бүгінгі кездесулер нақты ұсыныстар мен шешімдерге бастайтын игі бастама болады деп сенемін, – деді Дамир Джаканов.

Кездесуге қатысушылар әрекетке қабілетсіз азаматтардың қамқоршыларының құқықтық және әлеуметтік мәртебесі, сондай-ақ осы санаттағы қамқоршыларға еңбекке уақытша жарамсыздық парағын беру мәселесін де көтерді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіруге бағытталған ұсыныстарды бірлесіп әзірлеу жұмысын жалғастыруға келісті.