Бүгiн 2026, 10:55 Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

ЖСДП Құрылтай сайлауына арналған бағдарламасын таныстырды

ЖСДП бұл жолғы бағдарламасын «Прогресс жолындағы 20 белес» деп атаған.

Астанада Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның кезектен тыс XXV съезі өтіп, партия алдағы Құрылтай сайлауына арналған сайлауалды бағдарламасын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Съезге еліміздің барлық өңірінен келген делегаттар қатысып, партияның сайлауалды бағдарламасын қабылдап, Құрылтай сайлауына қатысатын кандидаттардың партиялық тізімін бекітті. Сонымен қатар алдағы саяси науқанның негізгі бағыты айқындалды.

ЖСДП бұл жолғы бағдарламасын «Прогресс жолындағы 20 белес» деп атаған. Партия өкілдерінің айтуынша, мұның символдық мәні бар. Себебі келесі жылы ЖСДП-ның құрылғанына 20 жыл толады. Осы уақыт ішінде жинақталған тәжірибе мен алдағы реформалар бір құжатқа топтастырылған.

Бағдарламаны таныстырған партия басшылығы оны кезекті сайлау алдындағы уәделер жиынтығы емес, ұзақ мерзімге арналған реформалар жоспары ретінде сипаттады.

Құжатта төрт негізгі бағытқа басымдық берілген. Олар – әділетті мемлекет қалыптастыру, адам игілігіне қызмет ететін экономиканы дамыту, халықтың өмір сүру сапасын арттыру және цифрлық дәуірдегі жаңа сын-қатерлерге бейімделу.

ЖСДП төрағасы Асхат Рахымжановтың айтуынша, азаматтардың міндеті тек дауыс берумен шектелмеуі керек.

Мемлекеттік билік өкілдерін сайлап қана қоймай, олардың қабылдаған шешімдерінің орындалуын бақылап, нақты нәтиже талап ету қажет, – деді ол.