ЖСДП Конституцияның жаңа жобасы бойынша ұстанымын жариялады
Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Орталық аппаратында Конституцияның жаңа жобасын талқылауға арналған саяси кеңес отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Отырыс барысында қатысушылар Конституцияға енгізілуі жоспарланған өзгерістер мен ұсынылып отырған жобалардың ел дамуына ықпал ету әлеуетін талдады.
Бүгін Конституциялық реформа бойынша партияның көзқарасын білдіретін үндеу жариялаймыз. Оны отырыс барысында талқылап, қабылдаймыз, - деді Талғат Омаров ЖСДП-ның Астана қаласы бойынша филиал төрағасы.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Орталық аппаратының жетекшісі Мақсұт Насибулов партия ұсынған бірқатар өзгерістер Конституция жобасына енгізілгенін атады.
Көптеген ұсыныстар біздің партиямыздан, аймақтардан, өңірлерден жиналып, бірінші Парламенттік реформа жұмыс тобына, сосын Конституциялық комиссия жұмыс тобына берілді. Оның ішінде, атап өтетінім, партиямыз жұмыс істеп тұрған 20 жылда парламент бір палаталы болуы керек дегенді ең бастапқы мәселе ретінде көтерген болатынбыз және ол жаңа Конституция жобасына енгізілді, - деді ол.
Сонымен қатар, Мақсұт Насибулов Конституция жобасындағы Жоғарғы сот, Бас прокуратураның жоғары лауазымды төрағаларын тағайындау мен бюджетті мақұлдау Парламенттің иелігінде болуы керек деген өзгерістерді де Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы ұсынғанын атады.
Кеңес мүшелері ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің логикасы, мемлекеттік саясаттың әлеуметтік бағытын күшейтуге және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара келісімді нығайтуға бағытталғанын атады. Отырысқа қатысушылар Конституцияда бекітілетін нормалар әлеуметтік салада, еңбек қатынастарында және азаматтардың өмір сапасын арттыруда нақты нәтижелер береді деп санайды.
ЖСДП Саяси кеңесі Жаңа Конституция жобасын әзірлеу форматының өзі мазмұнды қоғамдық-сараптамалық диалогқа жол ашатынын және әртүрлі көзқарастар мен өңірлік тәжірибені ескеруге, байыпты әрі ұзақ мерзімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретінін жеткізді.