Бүгiн 2026, 20:18 Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

ЖСДП ауыл шаруашылығы жерлерін тек мемлекеттік меншікте қалдыруды ұсынды

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) Астана қалалық филиалының төрағасы Талғат Омаров ауыл шаруашылығы мақсатындағы барлық жер тек мемлекеттік меншікте болуы тиіс екенін мәлімдеді, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.

Ол бұл ұсынысын Астанада өткен ЖСДП-ның кезектен тыс XXV съезінде партияның сайлауалды бағдарламасының аграрлық блогын таныстыру барысында айтты.

Омаровтың айтуынша, ауыл шаруашылығы жерлері Қазақстан азаматтарына ұзақ мерзімді, нысаналы пайдалану үшін өтеусіз негізде берілуі қажет.

Біздің басты ұстанымымыз өзгермейді: ауыл шаруашылығы мақсатындағы барлық жер тек мемлекеттік меншікте болуы тиіс және Қазақстан азаматтарына ұзақ мерзімді нысаналы пайдалануға өтеусіз берілуі керек, – деді ол.

Сонымен қатар ЖСДП ауыл шаруашылығы жерлеріне толық түгендеу жүргізіп, пайдаланылмай жатқан және заңсыз иеліктен шығарылған учаскелерді қайтадан шаруашылық айналымына қайтаруды ұсынады.

Тиісті деңгейде пайдаланылмай жатқан және заңсыз иеліктен шығарылған барлық жер учаскелері толық анықталуы тиіс. Жер үлесі иелерінің заңды құқықтары толық қалпына келтіріліп, барлық жер қайтадан шаруашылық айналымына енгізілуі қажет, - деді Талғат Омаров.

Партия сондай-ақ ауыл шаруашылығына дәлме-дәл егіншілік, су үнемдеу технологиялары, ирригация жүйелері және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытындағы заманауи технологияларды кеңінен енгізуді ұсынады.

ЖСДП-ның кезектен тыс XXV съезі 8 шілдеде Астанада өтіп жатыр. Делегаттар партияның сайлауалды бағдарламасын талқылап, 23 тамызға белгіленген Құрылтай сайлауына қатысатын кандидаттар тізімін бекітде.