ЖРВИ өршіп тұр: Астанада ауруханадағы төсек-орын саны артты
Қазіргі уақытта қалалық стационарларда ЖРВИ және тұмау диагнозымен 313 науқас емделіп жатыр.
Астанада маусымдық кезеңге байланысты жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмауды жұқтыру деректері артып келеді. Осыған байланысты елордадағы медициналық ұйымдардың жұмысы күшейтіліп, ауруханадағы төсек-орын саны көбейтілді. Бұл туралы Астана қаласының Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім болды.
Қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаева мен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айдын Әшімхановтың айтуынша, қазіргі уақытта қалалық стационарларда ЖРВИ және тұмау диагнозымен 313 науқас емделіп жатыр. Олардың 220-сы – бала, 30-ы – жүкті әйел.
Алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында 2 569 науқас амбулаториялық ем қабылдауды бастаған. Олардың 1 551-і – бала, 20-сы – жүкті әйел. Сонымен қатар емханалардың бақылауында ЖРВИ жұқтырған 4 559 науқас бар.
Медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін емханаларда сүзгі және шұғыл көмек кабинеттері жұмыс істейді. Олар респираторлық инфекция белгілері бар науқастарды басқа келушілерден бөлек қабылдайды.
Кабинеттер жұмыс күндері сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері 08:00-ден 18:00-ге дейін ашық.
Сонымен қатар елордада тұмауға қарсы вакцинация жалғасып жатыр. Бүгінге дейін 143 619 адам екпе алған. Оның 29 592-сі – бала, 114 027-сі – ересек адам.
Мамандар тұрғындарға қолды жиі жууға, бөлмені желдетуге және науқас адамдармен жақын байланыстан аулақ болуға кеңес береді. Ауру белгілері байқалған жағдайда дәрігерге қаралып, өз бетінше емделмеу қажеттігін ескертеді.
Елордадағы эпидемиологиялық жағдай бейінді қызметтердің тұрақты бақылауында.