23 Қыркүйек 2026, 12:09 Фото: ©BAQ.KZ архиві

ЖРВИ асқынып жатыр: Алматыда төрт бала жансақтау бөліміне түсті

Алматы қаласында маусымдық сырқаттанушылықтың артуына байланысты медициналық ұйымдар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләйлә Иманғалиева мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оның айтуынша, балаларға мамандандырылған медициналық көмек Қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында және оның екі филиалында көрсетіледі. Қазіргі уақытта мұнда 36 төсек-орынға арналған 11 бөлімше жұмыс істеп тұр. Қажет болған жағдайда қосымша 67 резервтік төсек-орын ашу мүмкіндігі қарастырылған.

23 қыркүйектегі мәлімет бойынша, балалар жұқпалы аурулар ауруханасында жедел респираторлық вирустық инфекциямен (ЖРВИ) ауырған 263 бала ем қабылдап жатыр. Олардың 60-ында пневмония анықталған.

Қазір жансақтау бөлімінде төрт бала ем алып жатыр. Оның екеуі жасанды тыныс алу аппаратына қосылған, – деді Ләйлә Иманғалиева ӨКҚ алаңында өткен брифингте.

Оның сөзінше, Алматыдағы қалалық клиникалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы балалар арасындағы инфекциялық аурулар бойынша құзырет орталығы болып саналады. Орталықтың негізгі міндеті – балаларға көрсетілетін мамандандырылған көмектің сапасын арттыру, телемедицина консультацияларын енгізу, мамандар арасында тәжірибе алмасу және медицина қызметкерлерінің біліктілігін көтеру.

Сондай-ақ қалада ересектерге арналған Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы жұмыс істейді. Мұнда 200 төсек-орын дайындалған, қажет болған жағдайда қосымша 50 резервтік орын ашылады.

Қазіргі уақытта аталған медициналық мекемеде ЖРВИ диагнозымен науқастар ем қабылдап жатыр. Олардың арасында 15 жүкті әйел бар. Сонымен қатар бес ересек науқас қызылшаға байланысты емделуде.

Денсаулық сақтау басқармасы тұрғындарды аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда өздігінен емделмей, дәрігерге жүгінуге шақырды.