Жойқын жер сілкінісінен 24 адам қаза тапты

Ауғанстанның солтүстігінде болған жер сілкінісінен 24 адам қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Синьхуа-ға сілтеме жасап.

Ауғанстанның солтүстігінде магнитудасы 6,3 болатын қуатты жер сілкінісі болып, кемінде 24 адам қаза тапты.

Тағы 630-дан астам тұрғын жарақат алды, олардың көбі жеңіл жараланған. 

Жерасты дүмпулерінің эпицентрі Хульм ауданында орналасқан, ал ошағы шамамен 28 шақырым тереңдікте болған. Қатты діріл Балх, Саманган, Сари-Пуль, Кұндуз және Джаузджан провинцияларында сезілді. Өңір тұрғындары көптеген ғимараттың қирағаны мен құлағаны туралы айтуда. Ауғанстан үкіметі ауқымды құтқару операциясының басталғанын хабарлады. Зілзала болған аймақтарға құтқарушылар, медициналық бригадалар мен үйінділерді тазалауға арналған техника жіберілді. Алдын ала мәліметтер бойынша, жер сілкінісінен шамамен 800 үй зардап шеккен, олардың көбі толығымен қираған, - деп жазылған Табиғи апаттардың зардаптарын жою жөніндегі ұлттық басқарма хабарламасында. 

Табиғи апаттан бүлінген нысандардың арасында елдегі ең қадірлі діни әрі мәдени орындардың бірі - Мазари-Шарифтегі XII ғасырдағы әйгілі Көк мешіт те бар. Киелі орынның қабырғалары мен күмбезінің бір бөлігі қирағаны туралы хабарланды.

Осындай күшті жер сілкіністері Ауғанстан үшін жиі кездесетін құбылыс. Себебі елдің солтүстік және шығыс бөліктеріндегі таулы жоталар бойында белсенді сейсмикалық аймақ орналасқан. Дегенмен бұл жолғы дүмпулер соңғы жылдардағы ең жойқындарының бірі болып, елдің инфрақұрылымының әлсіздігін және күрделі гуманитарлық жағдайды тағы бір мәрте еске салды.

Еске салайық, бұған дейін Ауғанстанда болған жер сілкінісі Қазақстанның оңтүстігінде сезілгенін хабарладық. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы