Жоспарланған даму қарқынының көрсеткіштері дұрыс теңгерімде деп санаймыз – Бектенов

Мәжіліс отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов экономикалық дамуға қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Отырыс барысында депутаттар Үкімет мүшелеріне сауалдарын қойып, өз ұсыныстарын білдірді. Депутат Берік Бейсанғалиев 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасына тоқталып, алдағы үш жылда экономиканы күшейту үшін Үкімет қандай нақты шараларды жоспарлап отырғанын сұрады.

Премьер-министр Олжас Бектенов бұл сұраққа жауап бере отырып, бюджеттік жоспарлау барысында Үкіметтің сақ әрі нақты тәсілді ұстанатынын айтты.

Шынында да, бюджетті жоспарлау кезінде біз консервативті ұстанымды қолданамыз. Соңғы үш жылда еліміздің экономикасы тұрақты өсіп келеді. 2023 жылы өсім 5,1% болды, былтыр 5%-ды құрады. Биыл да өсім қарқыны жоғары деңгейде. Егер әлемдік жағдайға көз жүгіртсек, жаһандық экономиканың орташа өсімі шамамен 3%-дың төңірегінде. Бізге ірі серіктес болып саналатын елдердің де экономикалық қарқыны бәсеңдеп жатқанын байқаймыз. Сондықтан Үкімет тұрақты әрі қарқынды экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерін жұмсап отыр, – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министрдің сөзінше, қазіргі таңда «Бәйтерек» холдингі арқылы жалпы көлемі 8 трлн теңге болатын ірі бағдарлама іске қосылған. Бұл қаржы инфрақұрылымдық және индустриялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.

Біздің қоржынымызда өзге де кешенді бастамалар бар. Барлығын жүзеге асырып, қажетті даму қарқынын қамтамасыз етеміз деп ойлаймыз. Биыл жалпы құны 1,5 трлн теңгеден асатын 190 индустриялық жоба іске қосылады. Ал барлық бағыт бойынша қазір 1681 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Осы жобалардың аясында 40 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады, – деді Премьер-министр.

Сонымен қатар ол экономикалық өсіммен қатар макроэкономикалық тұрақтылықтың да аса маңызды екенін атап өтті.

Бірінші кезекте инфляцияны тежеу қажет. Қыркүйек айының қорытындысы бойынша инфляция 12,9% деңгейінде болды. Бұл – тым жоғары көрсеткіш. Оны төмендету керек. Осы бағытта біз Ұлттық банкпен бірлесіп, нақты шаралар жоспарын әзірлеп жатырмыз. Құжат дайын болған соң, оны жақын уақытта халыққа жариялаймыз. Осы факторлардың барлығын ескере отырып, жоспарланған даму қарқыны теңгерімді деп есептейміз, – деді Үкімет басшысы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы