Жоспар орындалмады. Депутат жастарға берілетін пәтер бағдарламасын сынады

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте «Қазақстандағы жастар саясаты: өзекті проблемалар мен даму болашағы» тақырыбында өткен дөңгелек үстел кезінде Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етудегі мәселелерге тоқталды.

Жастар арасындағы маңызды әрі уақыт күттірмейтін мәселе – баспанамен қамтамасыз ету.  

Жас отбасының көбі табыс көздерін растау талабына байланысты «7-20-25» немесе «7-20-20» бағдарламасына қатыса алмайды. Сондай-ақ Елбасының тапсырмасына сәйкес Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жұмысшы жастар үшін 5 жылға берілетін жалдамалы пәтер бағдарламасы іске қосылды. Яғни бағдарлама аясында 3 жылдың ішінде 9 000 пәтер беру қажет, - деді ол. 

2019 жылы 3 000 пәтер, ал 2020 жылы барлығы 1000 пәтер ғана берілді. 

Яғни берілген тапсырмаға сәйкес, берілетін пәтерлердің саны бір жылдың ішінде 3 есеге азайды. Жоспар орындалмады, - деді депутат. 

Сондай-ақ Алматыда 2017 жылы Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша алғаш рет 35 жасқа дейінгі жас отбасыларға пәтер сатып алу үшін несие беру бойынша «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды.

Бағдарлама өзін жақсы жағынан көрсетті. Алайда бұл тәжірибе назардан тыс қалып, тек осы жылы ғана Нұр-Сұлтан қаласында «Елорда жастары» бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр. Яғни 17 өңірдің екеуінде ғана жас отбасыларды қолдау бойынша жергілікті өз бағдарламалары болады, - деп түсіндірді Елнұр Бейсенбаев Мәжілісте. 

Осыған орай, әр өңірде жеңілдікпен несие берудің түрлі тетіктерін көздейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ететін бағдарламаларды әзірлеуді ұсынды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы