Жошы ханның өмірі туғаннан өлгенге дейін жұмбақ - тарихшы
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Біз Жошы ханның қай жылы дүниеге келгенін, қандай жағдайда көз жұмғанын білмейміз. Бұл туралы тарихшы Айболат Көшкімбаев Алматыда Бату хан туралы түсірілген деректі фильмге арналған баспасөз жиынында айтты.
Оның айтуынша, Жошы ханның өліміне қатысты небір сәуегейлік болжамдар айтылғанымен оның неден көз жұмғаны әлі белгісіз күйінде қалып отыр.
Жошы Шыңғыс ханның туған ұлы емес деп те айтылады. Мұндай қауесеттер оның көзі тірісінде-ақ пайда болған. Оның өмірге келгенінен бастап өлгеніне дейін сондай әңгіме ел арасында жүрген. Орта ғасырда пайда болған мұндай күмандар қазіргі заманға дейін жетіп отыр. Сондай-ақ оның өліміне қатысты да түрлі нұсқалар бар. Ол өз өлімім ен емес, біреулердің қолынан көз жұмды деп айтылады. Бұл отбасындағы күрделі жағдайға байланысты туындағаны, тіптен оның өліміне Шыңғыс ханның өзі себепші болған деген нұсқалар айтылады,-дейді Көшкімбаев.
Дегенмен, бұл жағдайға қатысты тарихшының өзі пайымы бар. Ол көптеген қауесетке сенбейтінін айтады.
Меніңше, Жошы ханның өліміне ешкім себепкер болған жоқ. Өйткені ол кезде оның жасы қырықтан асып кеткен. Ол өмірге келген кезде Шыңғыс ханды ұстап әкеткен, осындай жайттар түрлі қауесеттің шығуына себеп болған. Негізі ол Шыңғыс ханның өз баласы. Егер хан одан күдіктенсе билікке жолатпас еді, ол тұста ондайға жол берілмейтін. Яғни бала кезінде-ақ көзін құртатын еді,-деді тарихшы.
Сондай-ақ ол сөз арасында Жошы әкесінің үлкен сеніміне ие болғанын жеткізді.
Шыңғыс хан оған өте маңызды стратегиялық операцияларды сеніп тапсырған. Яғни, Жошы оның жақын әрі маңызды істі сеніп тапсыратын адамы болған. Оның өмірінің соңы біздің жермен байланысты, сондықтан ел ауызында Жошыға қатысты көптеген аңыз әңгіме қалған. Қазақтар оның бастамаларын өз тарихының бір бөлігі ретінде қарайды. Оның ұрпақтары да дешті-қыпшақ даласында өмір сүрген әрі біздің тарихпен байланысты,-дейді Айболат Көшкімбаев.