"Жошы хан" спектаклі нені астарлайды?

Астанада "Жошы хан" драмасы сахналанды. Қоюшы режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов Қазақ мемлекетінің бастауында болған хан туралы спектакльдің мақсатын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Шыңғыс ханды көбі қанішер деп таниды. Бірақ сондай қатал болуға сол заманда қажеттілік болған. Мәселен Шыңғыс хан ұлысында ешқандай Еуропа мемлекетінде болмаған "елшілікке тиіспеу, оған қандай жағдай болмасын қылыш көтермеу" қағидаты болған. Бұл оның қатаң серттерің бірі болды. Сол себепті Шыңғыс хан елшілерін қабылдамаған ұлт пен ұлыстарды аямаған, - дейді Болат Ұзақов.

Режиисер Шыңғыс қағанның тұңғышы Жошының ұстанымы қандай болғанын айтты.

Жошы хан халыққа бірден қару жұмсамай, ақылмен де жүрегіне жол табуға болатынын түсінді. Ол әкесіне ұлыстың қаншама қарсыластарын қырғанын, алайда бәрібір қарсылық көбейе беретінін айтады. "Біздің ұрпағымыздың басына сол айналып келеді деп ойламамайсыз ба?" деп әкесіне сұрақ қояды. Жошы хан осылайша өз ұрпағының болашағын тереңнен ойлаған. Өз кезегінде, Шыңғыс хан да парасатты баласын түсіне біледі. Ел басқарудағы әке мен баланың арасындағы ой айырмашылығы, көзқарастарының бөлек болуы - спектакльдің өзегі соған құрылды, - деді ол.

Сондай-ақ Ұзақов тарихи спектакльді қоюдың өзіндік қиындығы барын айтады. 

Біздің қазақтың бәрі тарихшы. 20 миллион қазақстандықтың әрбірінің Жошысы бар, әр қайсысының Шыңғыс ханы бар. Сондықтан спектакль бәріне бірдей ұнай қояды деп айта алмаймын. Оған тырысқан да жоқпыз. Біз халыққа өз нұсқамызды ұсындық. Мемлекет басшысы айтқандай, мемлекетіміздің бастауын Жошы ұлысынан, Алтын Ордадан бастағанымыз дұрыс. Оған ешкімнің таласы жоқ, өйткені Жошы ұрпақтары Кенесары ханға дейін қазақты басқарды. Бұл айдан анық нәрсе, - деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Көрермен Оңал Өмірзақова біздің тарихымызды Жошы ханнан бастау керек дейді.

Біздің қазағымыздың тарихын осы Жошы ханнан бастау керек. Қазір Мұхтар Мағауин жазып жатыр ғой, қазақ тарихын, қазағымының қолына тисе екен, өзіміздің төл тарихымыз болса екен. Осы Жошы ханды дәріптеу керек, жастарға беретін тәлім-тәрбиесі көп, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов
Өзгелердің жаңалығы