29 Сәуір 2026, 18:00 Фото: ©BAQ.KZ/Артем Чурсинов

Отан қорғаушылар күні қарсаңында Мұхтар Алтынбаев бастаған Қарулы күштер генералдары Өнер музейіне барды

Жастар әскери қайраткерлермен жүздесіп, көне жорықтық аспаптардың үнін тыңдады.

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында Халық қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаев бастаған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің генералдары Астана қаласындағы Өнер музейін тамашалады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Іс-шараға «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.

Іс-шара барысында қонақтар мен жасөспірімдер музей қорымен танысып, ұлттық музыкалық мұраға қатысты тың деректер алды.

Мәдени-танымдық бағдарлама аясында қатысушылар музей экспозициясымен танысып, сирек кездесетін және қайта жаңғыртылған ұлттық музыкалық аспаптар туралы мәлімет алды. Ерекше назар тарихи кезеңдерде әскери мақсатта қолданылған жорықтық аспаптарға аударылды. Музейде қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары қойылып, әсіресе ұмыт бола бастаған түрлеріне басымдық берілген.

Кездесу барысында көне ұлттық аспаптарда музыкалық шығармалар орындалып, олардың шығу тарихы, қолданылу дәстүрі және ұлттық мәдени мұрадағы орны түсіндірілді. 

Тағылымды жиында музыкалық шығармалар орындалып, әрбір аспаптың тарихы мен қолданыс ерекшелігі айтылды.

Халық қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаев ұлттық аспаптарды жаңғырту ісінің тарихи және рухани маңызына тоқталды.

Ежелден ерлердің ерлігі арқасында халқымыз талай тарихи кезеңдерден аман өтті. Жауынгерлік жорықтарда дыбыстық белгілер ерекше қызмет атқарып, “жау келді”, “дұшпан шегінді” сияқты маңызды хабарлар жеткізілді. Бүгінде ұмыт бола бастаған сазды аспаптарды қайта жаңғыртып, жаңа өмір сыйлап отырған ұжымдарға алғыс білдіреміз, – деп ағынан жарылды армия генералы Мұхтар Алтынбаев.

Ол көне аспаптарды жаңғырту тарихи жадты сақтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және өскелең ұрпақтың отансүйгіштік рухын нығайту жолындағы маңызды жұмыс екенін атап өтті.

Ежелгі сақ, ғұн, сармат тайпаларынан бастау алатын жауынгерлік рух, түркі халықтарының тегеурінді дәстүрі, Ақ Орда мен Алтын Орда кезеңдеріндегі тарихи сабақтастық – ұлттық сананың берік негізі. Осы аспаптардан төгілген күй мен әуен келешек ұрпақтың санасына “Тұңғиық тарихым”, “Қастерлі елім”, “Ордалы Отаным” ұғымдарын сіңіре беретініне сенеміз, – деді ол.

Кездесуге келген жастардың да алған әсері ұшан-теңіз.

7 мамыр күніне орай ұйымдастырылған әскери қайраткерлермен кездесуден үлкен әсер алдым. Соғыс уақытында қолданылған аспаптарды көріп, күйлерді тыңдадым. Маған өте қатты ұнады. Бойыма рух берді, денем тітіркеніп, ішімде рух оянды. Бабаларымыз өмір сүрген ғасырға барып келгендей сезімде болдым, - дейді «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының қатысушысы Әмина Тұрғын.

Кездесу соңында Қарулы Күштер генералдары мәдени мұраны сақтау мен жаңғырту ісіне үлес қосып жүрген музей ұжымына алғыс білдірді.

Іс-шара Отан қорғаушылар күні қарсаңында елдік рухты, тарихи сабақтастықты және ұлттық мәдени мұраға құрметті нығайту мақсатында ұйымдастырылды.