Жоқ ағаштарды кесуге 150 млн теңге бөлу: Семейде заңсыздықтың жолы кесілді
Абай облысында прокуратура жоқ 40 метрлік ағаштарды кесуге арналған 150 млн теңгелік конкурсты жойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Семей қаласында жоқ ағаштарды кесуге арналған мемлекеттік сатып алу конкурсы тоқтатылып, бюджеттен бөлінген 150 миллион теңге үнемделді.
Тексеру барысында конкурс құжаттамасында әлеуетті қатысушыларға қойылған негізсіз және шектен тыс талаптар анықталды. Атап айтқанда, биіктігі 40 метрге дейінгі ағаштарды кесуге арналған қымбат жабдықтың болуы талап етілген. Мұндай талап артық болып саналады, себебі Семей қаласында мұндай биік ағаштар өспейді және бұл Қазақстанның климаттық жағдайына тән емес, - деп жазылған Семей қаласы прокуратурасының хабарламасында.
Сонымен қатар, конкурс құжаттарында сметалық және техникалық бөліктер арасында сәйкессіздіктер болған. Бұл мемлекеттік қаражатты мақсатсыз пайдалану қаупін арттырған.
Мұндай заңбұзушылықтар әлеуетті қатысушылардың шеңберін тарылтып, адал бәсекелестік қағидаттарына қайшы келген. Прокуратура қабылдаған шаралар нәтижесінде конкурс жойылып, құжаттама заңнамаға сәйкестендірілді. Бұл бюджет қаражатын негізсіз жұмсаудың алдын алып қана қоймай, нарықтағы барлық қатысушылар үшін әділ жағдайды қалпына келтіруге мүмкіндік берді, - дейді прокуратура.