ЖОО-ға тиесілі жер телімдеріне арнайы тексеру жүргізу керек – депутат
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Депутат Берік Дүйсембинов жоғары оқу орындарына тиесілі жер телімдеріне арнайы тексеру жүргізу туралы депутаттық сауалын Бас прокуроры Берік Асыловқа пен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке жолдады.
«Ақ жол» партиясы өткен жылы Қазақ білімінің қара шаңырағы, қоғамда заңды резонанс тудырған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тиесілі жер телімдерінің аумағы белгісіз себептермен азаюына байланысты Бас прокурор мен Білім министріне сауал жолдаған болатын.
Өкінішке қарай, еліміздің аймақтарындағы мемлекеттік жоғары оқу орындарының жерлері мен ғимараттарының да талан-таражға түсіп, «тістегеннің ауызында, ұстағанның қолында» кетіп жатқанын ақпарат құралдарынан естіп, біліп жатырмыз. Мысалы, мен өзім оқыған Шығыстағы Сәрсен Аманжолов атындағы университеттің бас ғимаратынан он қадам жерде орналасқан өндірістік шеберхана бүгінде білімге ешқандай қатысы жоқ караоке-барға айналған, - делінген сауалда.
Алайда, содан бері бір жылдан аса уақыт өтсе де, қанағаттанарлық жауап алған жоқпыз дейді депутат.
Білім және ғылым министрлігі өз жауабында Университеттің жер телімінің 0,779 гектарға азайғанын растаған болатын. Сондай-ақ, министрлік 2021 жылы аймақтардағы сегіз жоғары оқу орнының қызметін тексеруді жоспарлап отырғанын, оның барысында олардың активтерінің жай-күйі тексеріліп, қорытындылары бойынша ақпарат қосымша ұсынылатын хабарлаған, - деді ол.
Алайда, осы уақытқа дейін министрліктен ешқандай ақпарат келіп түскен жоқ.
Ал Бас Прокуратураның сауалымызға берген жауабында 2012 жылғы 30 қаңтардағы Алматы қаласы әкімінің қаулысына сәйкес Университеттің жалпы көлемі 73,26 гектар жер пайдалану құқығына берілгені және оқу орнының жалпы жер көлемі 1,8 гектарға азайғанын айта келіп, тексеруге бастамашылық ету туралы мəселелер прокуратура органдарына нақты оқу орындары тарапынан заңдылықты бұзушылықтың нақты фактілері туралы мəліметтер түскен кезде қаралатынын баяндаған еді. Сонда бүгінге дейін университетке тиесілі жер неге азайғаны, оған кім жауапты деген сұраққа өкілетті органдардан мардымды жауап болмай, жұмбақ күйінде қалып отыр. Мұндай жағдайлар тек Ұлттық университетпен ғана шектеліп жүрген жоқ. Өкінішке қарай, жоғарғы оқу орындарының жер телімдерінің жеке меншікке сатылып жатқанын, студент жастар тұратын жатақханалардың азайып жатқаны жасырын емес, - делінген жолданған депутатттық сауалда.
Жоғарыдағыны баяндай келіп, сіздерден:
- біріншіден, Қазақ Ұлттық университетіне тиесілі жер аумағынан жер учаскелерінің бөлініп шығарылғаны қаншалықты заңды екенін тексеруді;
- екіншіден, еліміздің барлық аймақтарындағы мемлекеттік жоғарғы оқу орындарына тиесілі жер телімдеріне арнайы тексеру жүргізуді;
- үшіншіден, тексеру барысында заңсыздық анықталған жағдайда, алаяқтарды, қала не университет басшысы болсын, жалпы кінәлілерді, білім ошақтарын өз пайда көзіне айналдырған тоғышарларды еш мансабы мен лауазымына қарамастан, катаң жауапкершілікке тартуды талап етеміз және нәтижесін бізге хабарлауларыңызды сұраймыз.