ЖОО академиялық дербестігін арттыруда жұмыс пысықталып жатыр – Сапарбаев
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздегі жоғары оқу орындарына қанша мұғалім керек, ЖОО академиялық дербестігін арттыру, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты арттыруға байланысты жұмыс атқарылып жатыр.
Бұл туралы ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмалырының орындалу барысын баяндаған кезде айтты.
Келесі тапсырма – қазақстандықтар мен шетелдіктердің жалақысын, еңбек жағдайын теңестіру. Бұл жөнінде заң жобасын дайындағанбыз. Қазір Мәжілістің қарауында. Арғы қарай олармен жұмыс жасаймыз. Келесі мәселе – жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру. Бұған байланыста заңнамалық өзгерістер енгізу керек болатын. Бұл жөнінде де заңналық өзгерістер Мәжілістің қарауында, әрмен қарай депутаттармен пысықтайтын боламыз. Келесі берілген тапсырма – педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету. Бұл жөнінде жергілікті билік өкілдерімен бірге барлық жоғары оқу орындарында барлық қанша мұғалім керек, сол жөнінде талдау жасап, ұсыныс енгізетін боламыз. Келесі тапсырма, жоғары оқу орындарының академиялық дербестігін арттыру жөнінде болды. Бұған байланысты да жұмыс жасап жатырмыз, тиісті ұсынысты енгіземіз. Соңғы берілген тапсырма – ғылым мен өндірістің арасындағы байланысты арттыру. Бұл жөнінен біз тиісті жол картасын дайындаймыз және әрі қарай жұмыс жасаймыз. Мемлекет басшысының тапсырмасы дер кезінде орындалады, әрдайым біздің бақылауымызда болады, - деді Бердібек Сапарбаев Үкіметтің кезекті отырысында.
Бұған дейін ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларды орындау аясында орта мерзімді кезеңге арналған экономикалық даму жоспарын әзірлеу қажеттігін айтқан болатын.
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов еліміздегі кәсіпкерлік пен бизнеске қолдау көрсету мақсатында 2020 жылы қолға алынатын іс-шаралар аясында "Бизнеске арналған үкімет " бірыңғай терезесі құрылатынын баяндады. Сонымен қатар, 1 шілдеге дейін зейнетақы жүйесін жаңғырту бойынша шешімдер әзірленетінін мәлімдеді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын жаңаратынын және қаржы технологиялары арналған тиісті тұжырымдама әзірленетінін айтқан болатын.
ҚР премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр 1,1 трлн теңгеден астам сомаға 160 жобаны пайдалануға беру жоспарланғанын мәлімдеді.
ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев 2020 жылы 200 мың отбасындағы 600 мың бала атаулы әлеуметтік көмек алатынын айтқан болатын.