Жөндеу жүргізген жұмысшылар жалақыға жарымады

Атырау облысы Жылыой ауданындағы кен орнында жөндеу жұмыстарын жүргізген жұмысшылар адал ақыларын ала алмай жүр. Жұмыс аяқталғанда мердігер компания өкілі ақша төлеуден бас тартқан. Құзырлы органдардың бәріне шағымданған азаматтар одан пайда болмағанын айтып, ашынып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қала ортасындағы "Ембімұнайгаз" АҚ бас кеңсесіне жиналған 15 жұмысшы Жылыой ауданы Прорва кен орнындағы "Каспий самалы" вахталық кентінде жұмыс істеген. Құрылысшылар екі бірдей жатақхана жөндеуін жүргізіпті. Жеме-жемге келгенде қолдарына көк тиын тимеген.

Жатақхананың күрделі жөндеуін жүргіздік. 2 жылдан астам уақыт жасадық. Түсініспеушілік пайда болғасын жұмыстан кеттік. Қыстың қақ ортасында табыссыз қалдық. Қаңтардан бері еңбекақы алған жоқпыз. Жұмыстан шығарған кезде де жәй ғана шығарып жіберді. Біз айлық ақымызды талап етеміз. Бір адамға 2 млн теңгеден астам ақша қарыз. Соны берсін бізге, - дейді жұмысшылардың бірі Раушан Сәрсенғалиева.

Дәл осы мердігерге қызмет көрсеткен қосалқы мердігер компания өкілдері де келісімшарт бойынша төленуі тиіс қаржыны алмапты. Объектіге апарып қойған кей тауарларының да аяқ астынан ұрланып кеткенін айтады. Кәсіпкер шаш етектен қарызға батқан. Сотқа шағымдануға ақшаның жоқтығы қолбайлау екенін айтады.

2024 жылдың тамыз айында қосалқы мердігер ретінде жұмысқа кірістік. Жасаған жұмыстың ақшасын толық төлеген жоқ. Қанша құрылыс материалымның бәрі сол жақта қалды. Жұмыстың 90 пайызын аяқтадық. Қолымда келісімшарт болды. Бірақ келіп соны ауызша бұза салды. "Ембімұнайгаз" АҚ-ға хат жолдадым. Мардымды жауап ала алмадым бірақ. Көмек сұраймын. Жасаған жұмыс ақымыз төленсін. Менің 64 млн теңгеден астам ақшам бар, соны алуым керек, - дейді компания өкілі Серік Мұратов.

Жатақхана жөндеуінің тапсырысын ірі мұнай компаниясы – "Ембімұнайгаз" акционерлік қоғамы берген. Ал оны жасауға "Дос-жан" серіктестігі міндетті. Компанияның директоры шу шыққан жерге дереу келді. Бірақ "жиналып тұрған жұмысшылардың маған еш қатысы жоқ" деп басын ала қашты. Жалақы төлеуге қарсы екенін жеткізді.

Бұл жұмысшылардың маған қатысы жоқ. Ешқандай келісімшарт жасалмаған. Не үшін жиналып тұрғандарын түсінбедім. Дәлелдері болса көрсетсін. Қосалқы мердігердің қатысы бар. Ол кісімен мәселе сот арқылы ғана шешіледі. Ол компанияға қарыз емеспін. Ол бойынша құжаттарым түгел. Ол азамат жұмыс істегенімен, жұмысты толық тапсырған жоқ, - дейді "Дос-жан" серіктестігінің директоры Нұрбек Теміржанов.

Екі тараптың проблемасына "Ембімұнайгаз" АҚ өкілдері араласа алмайтын көрінеді. Дегенмен түскен шағымдардың бәрімен танысып, тиісті жауаптарын азаматтарға жолдаған.

Азаматтық кодекске сәйкес біз араласа алмаймыз. Тапсырыс бойынша сұраныстың бәрін өзіміз келісімге отырған "Дос-жан" компаниясынан талап етеміз. Бірақ ішкі жұмыстарына араласпаймыз. Жеке өзіміздің мердігер компания алдында қарызымыз жоқ. Барлық келісілген ақша сметалық есептеулер бойынша төленген, - дейді "Ембімұнайгаз" АҚ құрылыс бөлімінің басшысы Саламат Мұқашев.

Әу баста қызметкерлерді танымайтын сыңай танытқан "Дос-жан" серіктестігінің директоры еңбек инспекциясының мамандары келгенде өзгеріп сала берді. Жұмысшылармен жиын өткізуге ұсыныс білдірді. Кейін қызметкерлердің ақысын 1 апта ішінде өтеуге уәде беріпті. Сөйтіп мәселені шешті. Ал "64 млн теңгемді ала алмай жүрмін" деген қосалқы мердігер компанияның проблемасы ақыры реттелмеді. Ол азаматпен сот арқылы ғана шешілетін сыңайлы. Елдің әр өңірінен келіп, нәпақа тапқан жұрттың жағдайына тапсырыс берген компания мен құзырлы органдар араласып, келісімге келтіріп, қарыздарын өндіріп бермесе, екі кәсіпкердің дауы әзірге басылмайды. Тергеу жүріп, сот арқылы ғана шешілері анық.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы