14 Тамыз 2026, 19:08 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Жөндеу де болмады, міндеттеме де орындалмады: Байқоңырда 161 млн теңгелік мүлік мемлекетке қайтарылды

Сенімгерлік басқаруға берілген бес нысан бойынша талаптар орындалмаған. Прокуратура араласқаннан кейін мүлік мемлекет меншігіне өтті.

Байқоңыр қаласының прокуратурасымен мемлекеттік мүлікті басқару саласындағы заңдылықтың сақталуына талдау жүргізілді. Талдау барысында 2024-2025 жылдары мемлекеттік меншіктегі 9 нысан бірқатар міндетті талаптарды орындау шартымен сенімгерлік басқаруға берілгені анықталды.

Атап айтқанда, сенімгерлік басқарушылар нысандарда бір жыл ішінде жөндеу жұмыстарын жүргізуге, азаматтарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге, белгіленген мерзімдерде есептер ұсынуға, сондай-ақ мүлікті нысаналы мақсатына сәйкес пайдалануға міндеттенген.

Алайда баланс ұстаушы («Ғарыш-Инфрақұрылым» КММ) тарапынан бұзушылықтарды жою туралы бірнеше мәрте талаптар мен ескертулер берілгеніне қарамастан, сенімгерлік басқарушылар өздеріне алған міндеттемелерді орындамаған және шарт талаптарының сақталуын қамтамасыз етпеген. Аталған мән-жайлар мүлікті мемлекетке қайтару ғанегіз болады, - деп хабарлады Қызылорда облысы прокуратурасы.

Байқоңыр қаласы прокуратурасының ұсынуымен жалпы құны 161 млн теңгені құрайтын 5 нысан бойынша мүлікті кейіннен сатып алу құқығымен жасалған сенімгерлік басқару шарттары біржақты тәртіппен бұзылып, мүлік мемлекет меншігіне қайтарылды.

Мемлекет мүддесін қорғау бағытындағы жұмыстар жалғасын тауып, Байқоңыр қаласының прокуратурасының тұрақты бақылауында болады.