Жолсеріктер енді вагон тазаламайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Жолаушылар тасымалы» АҚ отандық клининг компаниясымен келісімшарт орнатты. Шілде айынан бастап вагондарды жуу бойынша ішкі стандарт енгізілді.


Енді жолсеріктер вагон тазалығына жауап бермейді, тек жолаушылардың қажеттілігіне құлақ асып, көмек көрсетеді.


Клининг қызметінің пайда болғаны жұмысты тиімді ете түсті дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ жолсерігі Сәрсенбай Ерсұлтан.


Бұл жаңалыққа қатты қуандық. Себебі, бұған дейін тазалық жұмыстарын өзіміз жүргізетінбіз. Тәулігіне вагондарға 3 рет дымқыл тазалық жүргізіп, дәретханаларды 12 рет жинайтынбыз. Компаниядан қызметкерлер берді. Олар бізбен бірге сапарлап, аялдама уақытында тазалайды. Қазір біздің жолаушыларға көмек көрсетуге уақытымыз бар, - деді ол.


 Жолсеріктің айтуынша, бұрын бар уақыт осы тазалық жұмыстарына кететін.


Кейде жас үлкен кісілер төсек сала алмай жатады. Оларға шай демдеуге қолғабыс көрсететін кездер болады. Бұрын тазалық кезінде осы жұмыстарға үлгермей қалатынбыз. Қазір осындай жұмыстарға уақытымыз бар, - деді ол.


Қазір жолсеріктер өздеріне арналған жеке бөлмедегі ыдыс-аяқтың тазалығына ғана жауапты.


Клининг компаниясы күніне үш рет парогенераторлармен қол жетпейтін тұстарды барынша тазалап шығады.


Клининг компаниясының өкілдері пойыз аялдаған кезде тазалық жұмыстары басталатынын айтты.



Тазалық жұмыстарына қажетті барлық материал бар. Мәселен, 4 вагонның тазалығына 3 адам жауап береді. Сапарлап бірге барамыз, тазалыққа жауап береміз. Жолсеріктер қайтып келіп, екінші рет сапарға шықса, біз кезегімізді ауыстырамыз. Бізді алмастыратын басқа қызметкерлер бар, - деді клининг компаниясының қызметкері.


Өз кезегінде компанияның бас директоры Питер Штурм тазалық жұмысының сапасы арнайы чек парақша арқылы тексерілетінін айтты.



Шілде айында вагондарды жуу бойынша ішкі стандарт енгіздік. Барлық вагон сапарға шығар алдында парогенераторлар мен шаңсорғыштар арқылы жуылып, тазаланады. Осылайша, біз вагондардағы тазалық сапасына қол жеткіземіз. Тазалау қорытындысы чек парағына жазылады. Ол бойынша вагондардың қаншалықты жиналғанын тексеруге болады, - деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Питер Штурм.


Пойыздар кезеңдеп жаңартылып тұрады. Компания басшысы жолаушылар тасымалы қызметін жаңғырту жұмыстары жалғасын табатынын айтты.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы