Жолдың опырылуы видеоға түсіп қалған: Тас жолды еріген су шайып кеткен
Алматы облысында қатты жылыну мен таулы жерлерден келген еріген қар мен мұз сулары салдарынан «Кеген – Нарынкол» республикалық маңызы бар автожолының бір учаскесі зақымдалды.
Алматы облысында 3 сәуірде сағат 11:30 шамасында 20-шы шақырымда «Кеген – Нарынкол» автожолында еріген қар мен мұздан келген су жолды шайып кетті. Жергілікті тұрғындар әлеуметтік желілерде осы оқиғадан бейнежазба жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жол қызметінің мәліметінше, таулардан ағып келген су әсерінен жолдағы су өткізу құбыры зақымданған және жол төсемі шайылып кеткен. Бұған дейін бұл учаске су тасқынынан қауіпсіз деп саналмаған. Қазір ол мердігер ұйымның қарауында, өйткені жолда жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Зақымданған учаске бойынша көлік қозғалысы уақытша шектелді. Жүргізушілер үшін топырақты айналма жол арқылы өту ұйымдастырылды.
Қазіргі уақытта апатты учаскеде 20 бірлік арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Жақын арада уақытша айналма жол салу жоспарлануда, оның беткі қабаты қиыршық таспен жабылады. Жөндеу жұмыстары су ағып кеткеннен кейін басталады.
Айта кетейік, осы учаскеден тәулігіне шамамен 500 көлік өтеді. Жол 1960-1970 жылдары салынған. Жағдай профильді қызметтердің бақылауында.