Жолдыгүл емес, Әмина. Пойызда тағы бір сәби дүниеге келді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Күні кеше «Сарыағаш-Нұр-Сұлтан» бағытындағы №85 жолаушылар пойызында қыз бала дүниеге келді, деп хабарлады «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі.

2021 жылдың 14 ақпанында пойыз жолаушысы Анастасия Гранкина «Тараз – Павлодар» бағыты бойынша жолға шыққан. 

Жол бойында Киік-Босаға учаскесінде жолаушы №11 вагонның жолсерігі Ұлтуар Ибрагимовадан көмек сұрап, жүктіліктің тоғызыншы айында екендігін және толғағы басталғанын хабарлады.

Пойыз бригадасының қызметкерлері босанған әйелге алғашқы көмек көрсету бойынша барлық қажетті шараны қабылдады. Жақын стансаға жедел жәрдем шақырылды. Медицина қызметкерлері келгенге дейін пойыз бастығының міндетін атқарушы Алдияр Теңгешев пен штаб вагонының кезекші жолсерігі Зина Күнісбаева жолаушыға босану кезінде көмек көрсетті, - делінген хабарламада.

14.53-те Ақадыр стансасына жақындаған шақта дүние есігін ашқан қыз баланың есімін Әмина деп қойды.


Пойыз Ақадыр стансасына келгеннен кейін жедел жәрдем қызметкерлері жаңа туған нәрестені және сол баланың анасын қарап шықты. Баланың жағдайы қанағаттанарлық болды, анасы ауруханаға жатқызудан бас тартты және олар соңғы стансаға дейін жол жүріп кетті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы