"Жолды көріп жүрміз": Депутат жергілікті трассалардың шынайы күйін айтты

Сенатта жолдардың мәселесін талқылауға арналған Үкімет сағатында сенатор Әлібек Нәутиев еліміздегі автожол саласында қордаланған басты алты мәселені көтеріп, Үкіметке нақты ұсыныстарын жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінде еліміздегі халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдардың жалпы ұзындығы шамамен 25 мың шақырымды құрайды. Ал жергілікті маңызы бар жолдар – 70 мың шақырым шамасында. 

Көлік министрлігінің мәліметінше, республикалық және жергілікті жолдардың нормативтік жағдайы бойынша көрсеткіштер соңғы жылдары салыстырмалы түрде тұрақты болып отыр. Алайда өңірлер арасындағы айырмашылық айтарлықтай үлкен. Сенатор бірнеше мәселелерді атап өтті.

Бірінші, мемлекеттік жоспарлаудың жеткіліксіздігі. Бұл мәселе жергілікті маңызы бар жолдарға қатысты. Көлік министрлігінің мәліметінше, жергілікті жолдардың 89% нормативтік деңгейге сай. Дегенмен, бұл көрсеткіш, халықтың шағымдарын ескере отырып, белгілі бір күмән тудырады. Жолдарды жөндеуге барлық өңірлер үшін бірыңғай тәсілдердің қолданатынына қарамастан, облыстар бөлінісінде жолдардың жай-күйінде айтарлықтай алшақтық байқалады. Мысалы, егер Жамбыл облысында жолдардың 99% нормативтік жағдайда болса, Батыс Қазақстан облысында бұл көрсеткіш 2 есе төмен және тек 56% құрайды. Қолданыстағы нақты жағдайды анықтау және жөндеу жұмыстарын қаржыландырудың оңтайлы тетігін әзірлеу үшін жергілікті жолдардың барлық учаскелеріне диагностика мен паспорттау жүргізу қажет. Мұндай диагностиканың қорытындысы бойынша ең проблемалы учаскелер анықталады, анықталған ақаулардың сипатына сай жөндеу түрлері, сондай-ақ қызмет ету мерзімін болжау тағайындалады. Өңірлер бөлінісінде барлық деңгейдегі автомобиль жолдарының жай-күйінің сенімді деректері бар бірыңғай базасы болуы тиіс. Комитетіміз осыдан екі жыл бұрын (2023 жылы) өңірлерді дамыту жөніндегі Парламенттік тыңдаудың қорытындысы бойынша Үкіметке аталған паспорттауды жүргізуді ұсынған болатын. Күні бүгінге дейін диагностика тек республикалық маңызы бар автожолдарда толық көлемде жүргізіледі. Жергілікті маңызы бар жолдар мәселесі әлі де өзекті болып қала береді. Бұл ағымдағы жағдайды анықтау және жөндеу жұмыстарын қаржыландырудың оңтайлы механизмін әзірлеу үшін маңызды. Бұл ретте, мұндай механизм өңірлердің талап етілетін қажеттіліктеріне сай болуы керек және әкімдердің «беделі күштеріне» немесе қандай да бір жеке қалауына және басқа да субъективті факторларға байланысты болмауы тиіс, - деді сенатор.

Оның айтуынша, жол сапасы және техникалық қадағалаудың әлсіздігі де мәселелердің бір болып тұр.

Облыстық және аудандық жолдар сапасының төмендігі – басты мәселелердің бірі. Соңғы 5 жылда Жол активтері сапасының ұлттық орталығы 500-ден астам нысанда техникалық қадағалау болмағанын анықтаған. 2023–2024 жылдары бір технадзор бір уақытта еліміздің әр өңірінде 5 жобада жұмыс істеген 130-дан астам жағдай тіркелген. Бұл жол сапасына кері әсер етіп отыр. Қазіргі заңнамада мұндай бұзушылықтар үшін жауапкершілік көзделмеген. Қадағалаушы органдардың жауапкершілігін заңмен бекіту қажет. Сондай-ақ, техникалық қадағалау функциясын Құрылыс министрлігінен Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетіне беру ұсынылады. Салада жол саласы бойынша білікті кадрлар жетіспейді. Көп жағдайда техникалық қадағалау мамандары жол саласынан тыс тұлғалар. Бұл мамандардың кәсіби даярлығы мен біліктілігін арттыру қажеттігі өзекті, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы