2026 жылғы 12 наурыздан бастап көлік жүргізушілері ғана емес, жаяу жүргіншілер де жауапкершілікке тартылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 31-бабының жаңартылған нұсқасына сәйкес, құқық бұзушылықтар камера, дрон және өзге де автоматтандырылған техникалық құралдар арқылы анықталады. Егер деректер бірыңғай әкімшілік іс жүргізу тізіліміне тіркелген жүйе арқылы расталса, хаттама толтырмай-ақ айыппұл рәсімделеді. Яғни біреу сізді байқауы, не дәлелдеуі маңызды емес. Камераға түссеңіз болды, айыппұл арқаладым дей беріңіз.
Мысалы, қоғамдық орында темекі тұқылын немесе қоқыс тастау, белгіленбеген жерде темекі шегу, жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өту секілді жағдайлар енді цифрлық бақылау арқылы анықталады. Сонымен қатар алкоголь өнімін белгіленбеген уақытта сату фактілері де техникалық құралдар көмегімен тіркелуі ықтимал.
Бұған дейін автоматты айыппұл жүйесі негізінен жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізушілерге қатысты қолданылып келген. Енді бұл тәжірибе жаяу жүргіншілерге де таралады.
Қолданыстағы нормаларға сай, рұқсат етілмеген жерде темекі шеккені үшін 15 АЕК (бір жыл ішінде қайталанса – 20 АЕК), қоқыс тастағаны үшін 5 АЕК (қайталанса – 10 АЕК), ал жолды белгіленбеген жерден кесіп өткені үшін 2 АЕК (қайталанса – 10 АЕК) көлемінде айыппұл қарастырылған.
Жаңа тәртіптің мақсаты – қоғамдық кеңістіктегі тәртіпті күшейтіп, құқық бұзушылықтарды цифрлық форматта жедел тіркеу. Енді «көрмей қалар» деген үміт азаяды: камера бар жерде жауапкершілік те бар.