Жолдаудың қай бастамалары жұрт назарын аударды?
Ең төменгі жалақыны көтеру, шағын бизнесті тексеруге мораторий енгізу, мектеп пен аурухана салу. Жолдауда айтылған осы және өзге де бастамалар әлеуметтік желілерде талқыланып жатыр. Пікір білдірген авторлардың бірі әлеуметтік қолдауға мән берсе, енді бірі ауылдағы өнімді өткізу, әділ бәсеке мен цифрландыру мәселелеріне назар аударған. BAQ.KZ тілшісі қоғам өкілдерінің жазбаларына шолу жасады.
Жалақы өсімі мен мұғалімнің жағдайы
Сырым Итқұлов Жолдаудың әлеуметтік мәселелерге арналған тұстарын қолдаған. Ол ең төменгі жалақыны көтеру, медицина қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру, мұғалімдерді артық есептен босату жөніндегі тапсырмаларды ерекше атап өткен.
Оның жазбасында 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мыңнан 110 мың теңгеге көтеру тапсырмасы айтылған. Бұл шара 1,8 миллион адамның, соның ішінде бюджет саласында жұмыс істейтін 370 мыңнан астам қызметкердің табысына әсер ететіні көрсетілген.
Сондай-ақ алғашқы медициналық көмектің учаскелік қызметі мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыру мәселесіне тоқталған. Жазбада бұл тапсырманың 77 мыңнан астам маманды қамтитыны айтылған.
Итқұлов мұғалімдерге түсетін есептілік жүктемесінің де назардан тыс қалмағанын оң бағалайды. Қағаз есептің орнын цифрлық платформалардағы есеп басқан жағдайда педагогтің негізгі жұмысына уақыт табуы қиын. Сондықтан артық есепті азайту, ұстаздарды қысым мен дөрекі қарым-қатынастан қорғау мәселесі маңызды.
Автордың пікірінше, Жолдаудағы тапсырмалардың құндылығы – олардың нақты қойылуында. Қай шараның қашан іске қосылатыны, кімдерді қамтитыны көрсетілсе, оның орындалуын талап ету де жеңілдейді.
Жәрдемақымен бірге мектеп пен аурухана да керек
Әлеуметтік саясат туралы пікірлерде көмекке бөлінген қаражаттың нәтижесі қандай болуы керек деген мәселе көтерілген.
Руслан Тусупбеков әлеуметтік қолдауды төленген жәрдемақының көлемімен ғана бағалауға болмайтынын жазады. Оның пайымынша, мемлекеттің жұмсаған қаржысы азаматтардың өмірін қаншалықты жақсартқанына қарау қажет.
Бір реттік төлем отбасының күнделікті шығынын өтеуге көмектеседі. Ал жақын жердегі мектеп, қолжетімді емхана мен сапалы білім сол отбасының ұзақ мерзімді мүмкіндігін кеңейтеді. Автор осы екі бағыттың қатар жүруі керектігін алға тартады. Сонымен бірге аз қамтылған және әлеуметтік осал азаматтарға берілетін атаулы қолдау сақталуға тиіс деп есептейді.
Мариша Рузматова да осы ойды жалғастырған. Ол көмекке мұқтаж отбасыларды қолдау қажет екенін айта отырып, бюджет қаржысының кімге және қалай бөлінетінін талқылауды ұсынады.
Оның жазбасындағы негізгі ой – отбасына төлеммен қатар, баласын оқытатын мектеп, емдейтін аурухана, дамуына мүмкіндік беретін орта қажет. Сондықтан әлеуметтік саясаттың тиімділігі әр жұмсалған теңгенің нәтижесімен өлшенуі керек.
Бұл пікірлер әлеуметтік көмекті қысқартудан гөрі, оның мұқтаж адамға жетуі мен халыққа қажетті нысандардың қолжетімді болуына қатысты айтылған.
«Халық құрылысы» несімен назар аудартты?
Ербол Мәндібек Жолдаудағы «Халық құрылысы» бастамасын маңызды жаңалықтардың бірі деп бағалаған. Ол өңірлерде әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салу халықты жұмыспен қамтуға да ықпал ететініне назар аударған.
Бұл бастамаға қатысты пікірлерде екі мәселе қатар көрінеді: тұрғындарға қажетті нысандарды салу және құрылыс арқылы жұмыс орындарын ашу.
Әлеуметтік саясат туралы жазған авторлардың ойы да осы тұста тоғысады. Өйткені жаңа мектеп пен аурухананың пайдасы құрылыс аяқталғаннан кейін де жалғасады. Оның нәтижесін тұрғындар баласына мектептен орын табылғанда, медициналық қызметке қолы жеткенде сезінеді.
Әуежай мен транзит: мүмкіндік нәтижеге айналуы тиіс
Дәурен Сейтжанұлы әуежай құрылысына қатысты бастамаларды бөліп көрсеткен. Ол Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіру, Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі әуежайлары, сондай-ақ Астанада жаңа әуежай салу мәселелеріне тоқталған.
Автор заманауи әуежайлардың көбеюін Қазақстанның Еуразиядағы көлік хабына айналу мүмкіндігімен байланыстырады.
Тимур Асылханов болса, авиация саласындағы шешілмеген мәселелердің ашық айтылғанын оң бағалаған. Ол Air Cargo қызметіне қатысты сынға назар аударып, елдің Еуропа мен Азия арасындағы орналасу артықшылығын толық пайдалану қажеттігін жазады.
Оның пікірінше, әуе дәліздерінің Қазақстан арқылы өтуі өздігінен жеткілікті нәтиже бермейді. Транзиттен түсетін мүмкіндікті пайдалану үшін заманауи жерүсті қызмет көрсету инфрақұрылымы қажет. Ал жауапты компаниялардың жұмысы нақты нәтижемен бағалануға тиіс.
Кәсіпкерге тыныс, нарыққа әділ ереже қажет
Сырым Итқұлов шағын бизнеске үш жылдық тексеру мораторийін енгізу ұсынысын да қолдаған. Оның жазбасында мораторийді 2027 жылғы 1 қаңтардан бастау ұсынылғаны айтылған. Автор мұны шағын кәсіпкерлерге тыныс беретін қадам ретінде қабылдаған.
Оңғар Қабден кәсіпкерлікке қатысты тағы бір мәселеге – әділ бәсекеге назар аударған. Ол импорттық тауарлардың құнын төмендетіп көрсету отандық өндірушілердің ішкі нарыққа шығуына кедергі келтіретінін жазады.
Автор мұндай әрекеттерге жол бермеу жөніндегі тапсырманы отандық кәсіпкерлер үшін маңызды деп бағалайды. Оның пікірінен бизнесті қолдау тек жеңілдік пен қаржыландырудан тұрмайтыны байқалады. Кәсіпкер үшін нарықтағы талаптардың бәріне бірдей болуы да маңызды.
Диқанның өнімі неге арзан, дүкендегі баға неге қымбат?
Мақсат Жақау ауыл шаруашылығындағы мәселені көпшілікке таныс жағдаймен түсіндірген. Оңтүстіктегі диқан піскен өнімін арзанға өткізуге мәжбүр болып жатқанда, өзге өңірлердегі тұтынушы сол өнімді қымбатқа сатып алады.
Автор қарбыз өсіретін шаруалардың жағдайын мысалға келтіреді. Өнімді дер кезінде сата алмаса, ол бұзылады. Ал сақтайтын орын мен өткізу жолы шектеулі диқан бағаны өзі белгілей алмайды.
Мақсат Жақау мұны агрологистиканың толық дамымауымен, делдалдар мен тасымал шығынымен байланыстырады. Сондықтан өнімді сақтау және сату жүйесін жетілдіру, шаруаларға ортақ агрологистикалық орталықтар құру ұсынысын қолдаған.
Шағын диқан өнімін сақтап, қажет кезде нарыққа шығарады, арзанға сатуға мәжбүр болмайды, – деп жазады ол.
Автор мұндай жүйе өңірлер арасындағы тасымалды жеңілдетіп, тұтынушыға да тиімді болуы мүмкін деп есептейді. Дегенмен оның пайдасы іске асыру тетігіне байланысты екенін атап өтеді.
Алмат Әбдіраман ауыл шаруашылығын ұзақ мерзімге қаржыландыру мәселесіне тоқталған. Ол шаруаларды тұрақты инвестициялық ресурспен қамтамасыз ететін тетіктердің маңызын көрсеткен. Бұл пікірде саланың дамуы бүгінгі қаржыға ғана емес, алдағы жылдарға жоспар құру мүмкіндігіне де байланыстырылған.
Цифрландыруды адам өміріндегі өзгеріспен бағалау керек
Юрий Масанов активтерді токенизациялау бастамасына назар аударған. Бұл – активке қатысты құқықтарды цифрлық нысанға көшіру тәсілі.
Оның түсіндіруінше, мұндай тетік ірі активтің құнын шағын үлестерге бөліп, инвестицияға қатысу мүмкіндігін көбірек адамға ұсына алады. Ал кәсіпкерлер үшін қаржы тартудың қосымша жолы ашылады.
Дегенмен автор бұл бағытта түсінікті ережелер, операциялардың ашықтығы және инвесторлардың құқығын қорғау қажет екенін атап өтеді.
Шағырбай Алмасбек цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту туралы жазбасында адам капиталына басымдық берген. Оның пікірінше, жаңа технологияларды енгізумен қатар, адамдарды жаңа дағдыларға үйрету және инновациялық бастамаларды қолдау қажет.
Цифрлық жаңғырудың басты нәтижесі технологиялардың санымен емес, олардың қоғам өміріне әкелген нақты өзгерістерімен өлшенуі керек, - деп жазады автор.
Ол мемлекеттік басқарудың сапасын, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын және инфрақұрылымдық жобалардың орындалуын да осы үдеріспен байланыстырады.
Энергетикада бүгіннен ұзақ мерзімге жоспарлау маңызды
Алмас Аубекеров энергетикалық қауіпсіздікке қатысты бастамаларға тоқталған. Ол отандық атом электр станцияларының қажеттілігі үшін стратегиялық уран резервін қалыптастыру мәселесін ұзақ мерзімді шешім ретінде бағалайды.
Оның пікірінше, атом энергетикасын дамыту станция салумен шектелмейді. Шикізат, технология және білікті маман мәселесі қатар шешілуі керек. Шетелдік серіктестермен ынтымақтастық та ел ішінде білім мен өндірістік мүмкіндіктердің қалыптасуына ықпал етуге тиіс.
Қоғам өкілдері Жолдаудағы бастамаларды қолдай отырып, олардың қалай жүзеге асатынына да мән беріп отыр. Ендігі күтілетін нәтиже – айтылған тапсырмалардың орындалып, жұрттың күнделікті тұрмысынан көрініс табуы дейді олар.