Жолдаудан кейінгі бір жыл: Президент тапсырмаларының қайсысы орындалды, қайсысы әлі жүзеге асырылып жатыр?
2025 жылғы 8 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Мемлекет басшысы цифрландыру және жасанды интеллект, инвестиция, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, су ресурстары, кәсіпкерлік және әлеуметтік саясат салалары бойынша бірқатар міндет қойды. BAQ.KZ тілшісі Президент тапсырмаларының қайсысы нақты нәтижеге ұласқанын, ал қай бағыттар бойынша жұмыс әлі жалғасып жатқанын саралап көрді.
Жолдауды іске асыру үшін Президенттің 2025 жылғы 13 қазандағы №1042 Жарлығымен Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары бекітілді. Құжаттың орындалуын бақылау Президент Әкімшілігіне жүктелді, ал Үкімет іске асыру барысы туралы ақпаратты тұрақты түрде ұсынып отыруы тиіс.
Цифрландыру: министрлік құрылып, құқықтық база қалыптасты
Жолдаудағы негізгі міндеттердің бірі – Қазақстанды үш жыл ішінде толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру. Президент сондай-ақ Цифрлық кодексті қабылдауды жеделдетуді, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды және жасанды интеллектіні экономикаға кеңінен енгізуді тапсырды.
Бұл тапсырмалардың ұйымдастырушылық және заңнамалық бөлігі нақты жүзеге асты. 2025 жылғы 29 қыркүйекте Жаслан Мәдиев Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі қызметіне кірісті. 17 қарашада Президент «Жасанды интеллект туралы» Заңға, ал 2026 жылғы 9 қаңтарда Цифрлық кодекске қол қойды.
Келесі кезең Digital Qazaqstan стратегиясы болды. Мемлекет басшысы оны 2029 жылға дейін бекіту туралы Жарлыққа 2026 жылғы маусымда қол қойды. 26 тамызда Үкімет стратегияны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекітті. Ол азаматтар, бизнес, экономика және мемлекеттік аппарат мүддесі үшін жүргізілетін цифрлық трансформацияны қамтиды. Осылайша, нормативтік базаны қалыптастыру жұмыстары негізінен аяқталды, ал елді үш жыл ішінде цифрлық трансформациялау процесі жалғасып жатыр.
Инвестиция: жаңа цикл қалыптасып жатыр
Жолдауда Президент инвестиция тарту тәсілдерін өзгертіп, өңдеу және жоғары технологиялық өндірістерге басымдық бере отырып, жаңа инвестициялық циклді іске қосуды тапсырды.
Үкіметтің 2026 жылғы 31 тамыздағы дерегіне сәйкес, KAZAKH INVEST портфелінде жалпы құны 78,6 млрд доллар болатын 215 жоба бар. Оларды іске асыру нәтижесінде 88 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделген. Оның ішінде 32,2 млрд доллар болатын 93 жоба іске асырылып жатыр, тағы 46,4 млрд долларлық 122 жоба пысықталу сатысында.
Инвестициялық келісімдер тетігі енгізілгеннен бері жалпы сомасы 17,8 трлн теңгеден асатын 66 келісім жасалған. 2026 жылдың тамызына дейін тағы шамамен 4,4 трлн теңгеге 25 келісім жасалды. Үкімет бұл шараларды Президенттің жаңа инвестициялық цикл қалыптастыру жөніндегі тапсырмасының орындалуымен тікелей байланыстырады.
Сонымен бірге инвестициялық бағыттағы жұмыстарды толық аяқталды деп айтуға болмайды. Өйткені бұл – инвестициялар құрылымын ұзақмерзімді кезеңде қайта құруды және жобаларды іске асыруды көздейтін жұмыс. Олардың едәуір бөлігі әзірге құрылыс немесе дайындық кезеңінде.
Smart Cargo және теміржол: аяқталған жобалар бар
Көлік саласында нақты нәтижелер бар. Жолдауда Президент кедендік және логистикалық қызметтердің Smart Cargo бірыңғай цифрлық жүйесін іске қосуды тапсырған болатын.
Қазір платформа жұмыс істейді және 58 ақпараттық жүйенің деректерін біріктіреді. Үкімет мәліметінше, жүйе қамтитын контурда жүктердің 100%-ын қадағалауға мүмкіндік бар. Жүктердің шекарадан өту жылдамдығы 30%-ға артқан, ал тасымалдаушылардың кезекте күту уақыты он есе қысқарған.
Тағы бір тапсырма ұзындығы 836 шақырым болатын Достық – Мойынты теміржолының екінші желісінің құрылысын аяқтауға қатысты болды. Жолдауда Президент жобаны 2025 жылы аяқтау міндетін қойған. Кейін Көлік министрлігі желінің іске қосылғанын ресми хабарлады. Ведомство мәліметінше, оның пайдалануға берілуі Қазақстан – Қытай бағытындағы өткізу қабілетін бес есе арттырады.
Сонымен қатар Қызылжар – Мойынты және Бақты – Аягөз секілді басқа да теміржол жобалары жалғасып жатыр. Сондықтан жалпы көлік қаңқасын дамыту жұмыстары әлі іске асырылу сатысында.
АӨК: қайтарылған жерлер мәселесі бақылауда
Ауыл шаруашылығы саласында Президент мемлекетке қайтарылған жерлерді пайдалану мәселесіне жеке тоқталды. Жолдау жарияланған кезде 2022 жылдан бері 13,5 млн гектардан астам ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылғанымен, оның шамамен 6 млн гектары ғана жаңа жер пайдаланушыларға қайта бөлінген еді.
Тоқаев әкімдерге 2026 жылдың ортасына дейін мемлекетке қайтарылған барлық ауыл шаруашылығы жерін тұрақты айналымға енгізуді тапсырды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің нақты жалпы республикалық көрсеткіш көрсетілген соңғы ресми жарияланымы 2026 жылдың көктемінде шыққан. 20 сәуірдегі жағдай бойынша жоспарланған 13,5 млн гектардың 10,8 млн гектары айналымға енгізілген.
АӨК-ті техникалық жаңарту да жалғасып жатыр. Үкімет дерегінше, машина-трактор паркін жаңарту деңгейі 2024 жылғы 6%-дан 2025 жылы 6,5%-ға дейін өсті. 2026 жылы бұл көрсеткіш 8%-ға жетеді деп күтіліп отыр. Биыл жеңілдетілген лизинг бағдарламасын қаржыландыру көлемі 350 млрд теңгеге жетті.
Су: цифрлық жүйе әлі құрылып жатыр
Жолдаудың жеке бір бөлігі су ресурстарына арналды. Президент жерүсті және жерасты сулары туралы мәліметтерді біріктіретін және Ұлттық су балансын қалыптастыруға негіз болатын бірыңғай цифрлық платформа құруды тапсырды.
Бұл жоба әзірге іске асырылу сатысында. Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін 2026 жылдың соңына дейін өнеркәсіптік пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Жүйеге су ресурстары, гидротехникалық құрылыстар және саланың басқа да нысандары туралы деректер енгізілуге тиіс. Кейін жасанды интеллект пен ғарыштық мониторинг технологияларын қолдану көзделген.
Сонымен қатар каналдарды реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 206,19 шақырымда жұмыс жүргізілді. Ал жыл соңына дейін 976 шақырымнан астам каналды жаңғырту жоспарланған.
Осылайша, су саласындағы негізгі инфрақұрылымдық және цифрлық шаралар әлі жалғасып жатыр.
217 мектептің барлығы салынды
Жолдауда Президент «Келешек мектептері» жобасы аясындағы мектептердің құрылысын аяқтауды да талап етті. Сол кезде жоспарланған 217 нысанның 150-і жұмыс істеп тұрған еді. Қалған мектептерді Президент үш ай ішінде аяқтауды тапсырды.
Қазір жоба аяқталды. Үкімет 460 мың оқушы орнына арналған 217 мектептің барлығы салынғанын ресми хабарлады. Оның 105-і 2024 жылы, 112-сі 2025 жылы пайдалануға берілді.
Үкімет мәліметінше, жобаны іске асыру нәтижесінде үш ауысымда жұмыс істейтін 54 және апатты жағдайдағы 12 мектеп мәселесі толық шешілді. Сондай-ақ 100-ден астам мектептегі оқушы орнының тапшылығы азайды.
Ауылдық жерлерде 655 медициналық нысанның құрылысы аяқталды
Жеке тапсырмалардың бірі ауылдық денсаулық сақтау саласына қатысты болды. 2025 жылғы қыркүйекте Президент ұлттық жоба аясында 540 нысан салынып қойғанын, тағы 115 нысан жыл соңына дейін пайдалануға берілуге тиіс екенін айтты.
2025 жылдың қорытындысы бойынша жоспарланған алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 655 нысанның барлығының құрылысы аяқталды. 2023 жылы – 99, 2024 жылы – 361, ал 2025 жылы тағы 195 нысан пайдалануға берілді. Үкімет мәліметінше, миллионнан астам ауыл тұрғыны тұрғылықты жері бойынша алғашқы медициналық көмек алу мүмкіндігіне ие болды.
Дегенмен ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту мұнымен аяқталмайды. 32 аудандық аурухананы қайта жабдықтау жұмыстары жалғасып жатыр. Олар көпбейінді орталық аудандық аурухана деңгейіне жеткізілуге тиіс.
Президенттің өзі қай бағыттардағы мәселелерді атады?
Барлық бағыт бойынша тапсырмалар белгіленген көлемде орындалған жоқ.
Жолдауда Президент Үкіметке «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңды жаңартуды, ал Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне Үкіметпен бірлесіп мемлекеттік секторды реформалау жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырған болатын.
Кейінірек, 2026 жылы өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президенттің өзі осы бағыттағы тапсырмалардың орындалуында мәселелер бар екенін айтты. Оның сөзінше, жекешелендірілуге тиіс 473 кәсіпорынның бекітілген тізімін іске асыру басталмаған, активтерді сату алдындағы дайындық жүргізілмеген және жаңа «Мемлекеттік мүлік туралы» Заң қабылданбаған.
Сол кезде Мемлекет басшысы Үкіметке тиісті жарлықты іске асыру тәсілдерін қайта қарауды тапсырды.
Не орындалды, қандай жұмыстар жалғасып жатыр?
Жолдау жарияланғаннан бері бір жылға жуық уақыт ішінде бірқатар тапсырма бойынша нақты әрі тексеруге болатын нәтиже бар. Цифрлық кодекс пен жасанды интеллект туралы заңнама қабылданды, бейінді министрлік құрылды, Smart Cargo іске қосылды, Достық – Мойынты теміржол желісі аяқталды, «Келешек мектептері» жобасы бойынша барлық 217 мектеп және ауылдардағы алғашқы медициналық көмек көрсететін 655 нысан салынды.
Басқа міндеттер бастапқыда ұзақ мерзімге есептелген. 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan стратегиясын іске асыру, жаңа инвестициялық циклді қалыптастыру, көлік және энергетикалық инфрақұрылымды салу, су шаруашылығын цифрландыру және АӨК-ті жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр.
Осылайша, Жолдаудың бір жылдығына қарай аяқталған нормативтік және инфрақұрылымдық шешімдер де, практикалық нәтижесі алдағы іске асыру барысына байланысты болатын ауқымды реформалар да бар.