Жолдаудағы жаңа бастамаларға "Ақ жол" оң баға берді

"Ақ жол" демократиялық партиясының Ұлттық кеңесі мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәлімдемеде "Ақ жол" демократиялық партиясы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың халық пен Парламентке арнаған "Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу" атты Жолдауын зор ықыласпен қолдайтынын жеткізді.

Мемлекет басшысы бірқатар аса маңызды әлеуметтік-экономикалық бастамаларды жариялады. Олар – Бас прокуратура жанынан Инвестицияларды қорғау комитетін құру, ЕАЭО аясында отандық өндірушілерді қолдау, экономиканың индустриялық қаңқасын дамыту, сирек жерлерді барлау мен металлургияны қалыптастыру, жаппай цифрландыру және криптотехнологияларды енгізу, 21 кодекс пен 300-ден астам заңды Кәсіпкерлік кодекс талаптарына сәйкестендіру, адал кәсіпкерлерді қолдау үшін жаңа Салық кодексін енгізу, бюджет пен квазимемлекеттік құрылымдардың орынсыз шығындарын қысқарту сияқты мәселелер, - деп жазылған мәлімдемеде.

"Ақ жол" демократиялық партиясы Президенттің ұстанымын толық қолдайтынын, олардың Мәжілістегі фракциясы мемлекеттік органдар алдында бұл мәселелерді үнемі көтеріп келетінін атап өтті. 

Бүгінгі Жолдаудан кейін Парламенттің Үкіметтен нақты шешімдер талап етуге толық негізі бар. Алайда Президент Қ.Тоқаевтың ең өзекті, стратегиялық тұрғыдан дәл және тіпті революциялық ұсынысы – Парламентті бір палаталы ету және депутаттарды партиялық тізім бойынша сайлау бастамасы деп есептейміз. 2022 жылғы конституциялық реформадан кейін қоғамның, партиялардың және Парламенттің жаңа саяси мәдениеті олардың функцияларын кеңейтуге, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесінде салмақты рөл атқаруына мүмкіндік береді. Бұл Мемлекет басшысының "Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" формуласына сәйкес келеді, - деп нақтылады партия.

"Ақ жол" демократиялық партиясының Ұлттық кеңесінің хабарлауынша, бір палаталы Парламент Қазақстанның унитарлық мемлекеттік құрылымына сәйкес келеді және бүкіл ел аумағында біртұтас саяси ерікті жүзеге асыруға жағдай жасайды. Бұған қоса, жоғарғы палатаның болмауы көппартиялы Мәжілістің шешімдеріне билеуші партия тарапынан "цензура" немесе "түзетулердің" жасалмайтынын білдіреді. 

"Ал Парламентті партиялық тізіммен қалыптастыру белсенді депутаттарға тек өзекті мәселелерді көтерумен шектелмей, пікірлес серіктестерімен бірге нақты шешімдер мен заңдардың қабылдануына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Яғни, олар тек назар үшін емес, нәтиже үшін күресетін болады. Бұл қадам тек партиялар институтын ғана емес, сонымен қатар халықтың кең ауқымды мүдделерін білдіретін Парламент институтын да нығайтады. "Ақ жол" демократиялық партиясы мұндай ұстанымын бұған дейін де бірнеше рет білдірген, ал бүгін Мемлекет басшысының бастамаларын батыл түрде қолдайды. Өзіміздің сайлаушыларымызды және бүкіл Қазақстан азаматтарын Президент Қ.Тоқаев ұсынған өзгерістердің еліміздің саяси жүйесі үшін тарихи маңызын түсінуге және келесі жылы өтетін референдумда оларды қолдауға шақырамыз, - делінген мәлімдемеде. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы