Жолдауда мемлекеттің институционалды негізіне көп көңіл бөлінген – Смайылов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Парламент Мәжілісінің экс-депутаты, кәсіпкер Бауыржан  Смайылов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына қатысты пікір білдірді. 

Күздің алғашқы күнінде-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа кезекті Жолдауын жариялаған болатын. Менің пайымдауымша, бұл Жолдау тереңдігімен, жан-жақты қамтылған бағыттарымен ерекшеленді. Президенттің мемлекеттің институционалды негізге көп көңіл бөлгені ашық байқалады. Бірінші кезекте ел басшысының физикалық күш-қуатына назар аудартқым келеді. Бір жарым сағат бойы алдындағы мәтінге көз қиығын да салмай, елдегі өзекті деген мәселелерді жіліктеп талдап, шешу жолдарын айтып беру өте қиын шаруа екендігін бәріміз жақсы білеміз. Әрине, көптеген тапсырма, шешімдер белгілі бір кескін ішінде атқарылуы мүмкін. Бірақ, қазір мемлекет аппараты мен қоғам атқарар міндеттердің бірі - Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларды нақты қадамдар арқылы шешу жолдарын ұсыну, - деді ол. 

Ол өзекті деген Президенттің 3 бастамасына тоқталды. 

Біріншіден, азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуге байланысты көптеген жұмыс атқарылып жатқаны белгілі. Енді 2021 жылы зейнетақы қорына ақшаларын жинаған 700 мың қазақстандық өзінің қордағы қаражатының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға жұмсауға болады. Екіншісі - зейнетақы қорындағы қаражаты жетпен жандарға «5-10-25» бағдарламасы арқылы әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Ал бұл бастамаға 390 млрд теңге бөлінгенін білесіздер. Бұл бағдарлама Үкіметтің тікелей бақылауында, - деді ол. 

Экс-депутат, үшіншіден, 100 мыңға тарта отбасы өз үйлерінің құрылысына көмек немесе жалдамалы пәтерге ие бола алатынын айтты.

Бұған дейін бұл бағдарлама арқылы қолдау 10 есе аз болатын. Төртіншіден, әлеуметтік жеке үйлерді мемлекеттік-жеке меншік әріптестік арқылы салу тәжірибесін жолға қою жоспарлануда. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл бағытта да атқарар жұмыстарды тайға таңба басқандай айқындап берді. Мысалға, 2025 жылға дейін 24 мың шақырым жолды жөндеуге тапсырма берілді. Бұл дегеніміз республикалық маңызды жолдарды толық қамтиды деген сөз. Осы орайда  елорданың инфрақұрылым бағытын назардан тыс қалдырмауымыз керек деп ойлаймын. Өйткені елордамыз Нұр-Сұлтан қаласы қарқынды дамып келеді, ал осы даму толқыннан жол құрылысы саласы қалып кетпесе деймін. Бұл өте маңызды екендігін бәріміз жақсы білеміз, - деді ол. 

Кәсіпкер атағандай, 20 жыл бұрын ғана осы қала тұрғындары қала сәулетінің қандай болғанын біледі. 

Әлемнің басқа қалаларымен салыстыруға да келмейтін. Енді урбанисттердің статистикасы бойынша бұл қаланың тұрғындары мен жалпы қаланың өзінің өсу қарқыны ерекше екендігін айтады. Жыл сайын бұл қалаға жаңа 50 мың тұрғын келіп қосылады. Әсіресе, бұл қалаға арман іздеп келген жастар көп. Ал басым бөлігі осы қалада отау құрып жатады. Осы орайда туындайтын тағы бір мәселе бар. Ол балабақшалар мен мектептердің шамадан тыс лық толуы. 2009 жылы бір мектепте 1027 оқушы тіркелген болса, ал бүгін бұл көрсеткіш 1633 оқушыға артып кеткен. Урбанисттер 25 мың оқушыға оқу мекемесі қажет екендігін айтады, ал қаладағы 8 мектеп қазір үш ауысымда оқып жүргендігін айтпасам болмайды, - деді ол. 

Смайылов атағандай, медицина саласына да басымдық беріліп отыр. 

Әрине, бұл бағыттың ел үшін өте маңызды екендігі белгілі. Елордада халық санына байланысты медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз етудің сандық көрсеткіштері айтарлықтай төмендегенін көрсетеді. Жалпы, Жолдауда атап өтілгендей, бүкіл Қазақстан бойынша әлеуметтік инфрақұрылымды қарқынды дамыту қажет, - деді ол. 

Смайыловтың айтуынша, Мемлекет басшысы мұнайдың дәуірі өткендігін, ендігі жаңа экономикаға икемделу керектігін атап өткен болатын.

Ал экономиканың жаңа жүйесінде Қазақстан жер астына емес, «елге пайдалы», «кәсіпке пайдалы» бастамаларға назар аударатын болады. Шынымен де шағын және орта кәсіп Қазақстанның іргесін одан әрі нығайтуы тиіс. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, бизнес экономиканың негізі болып табылады. Эконмикалық өсімнің басты драйвері - осы. Қазақстан индустриялық экономикадан постиндустриалды экономикаға көшуі керек. Бұл - өте күрделі процес. Президент бұл жағдайдың барлығын  терең бағамдап отыр.Пандемия кезеңінде мемлекет 700 мыңнан астам кәсіпке қолдау көрсетіпті. Нақтырақ айтсақ, субсидияға берілген несие пайызын төмендеткен, тіпті арнайы бағдарлама да жасалуда. Кәсіпті қолдау бағдарламасына 800 млрд теңге тағы бөлінген. Мемлекет басшысы елдегі кәсіпорындардың әлемдік нарыққа шығуына қолдау көрсетілу керектігін де атап өтті. Бұл үшін де арнайы жобалар қолға алынады, - деді ол. 

Кәсіпкер атап өткендей, Жолдауда айтылған бастамалардың болмағанда 50 % іске асыратын болсақ, халықтың жаңа дейгейге шыққанына, үлкен өзгеріске куәгер боламыз.

Мемлекет басшысы шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі көрсеткіші 2025 жылы 35 пайызды көрсетсін деген нақты тапсырма жүктеді. Осы орайда кәсіппен айналысатындардың саны 4 млн-ға жетуі тиіс. Тоқетерін айтқанда, Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл Жолдауы қоғамға жаңашылдық, өмірлеріне түбегейлі өзгеріс алып келетініне сенімдіміз. Біз Жолдауда айтылған бастамалардың болмағанда 50 % іске асыратын болсақ, халықтың жаңа дейгейге шыққанына, үлкен өзгеріске куәгер боламыз. Әлемді жаулаған індет көп елге сабақ болғандығын білеміз. Олай болса, қателікке енді ұрынбай, Қазақстанның гүлденуіне өз үлесімізді қосайық, - деп түйіндеді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы