Жолдауда білім беру жүйесінің өзекті бағыттары айқындалды –Тыныбаева

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуының негізгі аспектілерін, білім беру жүйесінің өзекті бағыттарын айқындады, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.

Бұл пікірді Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Мадина Тыныбаева білдірді. 

Қасым-Жомарт Кемелұлы жоғары сыныптарда жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер мен ағылшын тілін оқытуды күшейту қажеттігін атап өтті. Шынында да, бітіруші сынып оқушылары бейіндік пәндерді тереңдетіп оқу және жоғары оқу орындарына түсуге дайындық үшін жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндерді таңдайды. Бұл ретте Ұлттық тестілеу орталығының деректеріне сәйкес, түлектердің көпшілігі ҰБТ тапсыру кезінде математика, физика, химия және биология сияқты жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді таңдайды. Сондықтан аталған пәндерді оқыту сапасын арттыру үшін педагогтердің біліктілігін үнемі арттыру, мектептің химия, биология, физика кабинеттерін қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету қажет, - деп атап өтті Мадина Ағланқызы.

Ол атағандай, Мемлекет басшысы Жолдауда жоғары сыныптарда ағылшын тілін оқытуды күшейту қажеттігіне де тоқталды.

 Биыл Алтынсарин академиясы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен шағын жинақты ауыл мектептерінің оқушыларына шет тілі мен математиканы сапалы оқытуға қолжеткізу бойынша жобаларды бастайды. «Тілдерді оқытуды кезең-кезеңімен енгізу қағидасына сәйкес 2024 жылдан бастап шет тілін оқыту 3-сыныптан бастап жүзеге асырылатын болады. Сонымен қатар, типтік оқу жоспарларындағы сағат саны мектеп түлегінің CEFR (шет тілін меңгеру деңгейін бағалаудың жалпыеуропалық жүйесі) сәйкес тілді В2 ілгері деңгейінде меңгеруге жеткілікті. Бұл деңгей еліміздің және әлемнің жетекші университеттеріне түсу үшін жеткілікті болып саналады, - деді М.Тыныбаева.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы бүгінгі Жолдауында азаматтардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру қажеттігін атап өтті. 

Алтынсарин академиясы президентінің айтуынша, өткен оқу жылында мектептерде оқушыларға қаржылық сауаттылық негіздерін үйрететін «Жаһандық құзыреттер» курсы оқытыла бастады. Курс өзінің тиімділігін көрсетті, ол оқушылардың ерте кәсіби бағдарлануына көмектеседі және білім алушылардың бойына ХХІ ғасыр дағдыларын қалыптастырады. Жаңа оқу жылынан бастап «Жаһандық құзыреттер» курсы 5-11 сыныптарда міндетті курс ретінде оқытылады.

Жаңа оқу жылында ерте кәсіптік бағдар беруге, инклюзивті орта мәдениетін қалыптастыруға және оқыту мен тәрбиелеу арқылы қазақстандық оқушылардың бойында адамгершілік, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дамытуға ерекше назар аударылатынын атап өткім келеді.Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Орта білім беру сапасы – табысты ұлттың қалыптасуының маңызды шарты». Сондықтан қазақстандық оқушыларды жан-жақты оқыту және дамыту үшін қолайлы жағдай жасау – біздің ортақ міндетіміз», - деді Мадина Ағланқызы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы